Білім • 21 Шілде, 2023

«Жайлы мектеп» жобасы: Екі жылда жаңа форматтағы 369 мектеп салынады

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметте ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Жайлы мектеп» жобасы: Екі жылда жаңа форматтағы 369 мектеп салынады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді, оның шеңберінде 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған, жаңа форматтағы 369 мектеп салынады.

Бүгінде білім беру мекемелерін технологиямен жарақтандыру стандарттарын жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Алдын ала жасалған тізімде жиһаз, көрнекі құралдар, оқу, компьютерлік, музыкалық, интерактивті және спорттық жабдықтар қарастырылған. Айта кету керек, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп отандық тауар өндірушілердің ұлттық жобаға қатысу мәселесі пысықталған.

Жаңа мектептер жеті түрлі болады: 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық. Қазіргі уақытта мектептердің қуаттылығы бойынша форэскиздік жобалары, көлемдік жоспарлау шешімдері «Мемсараптама» РМК-мен алдын ала келісіліп, тиісті жұмыстарды жүргізу үшін барлық өңірлерге жіберілген.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру апатты жағдайдағы, үшауысымды және орын тапшы мектептер мәселелерін шешуге, сондай-ақ білім сапасын арттыруға және оқу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.