Қоғам • 23 Шілде, 2023

Мемлекеттік тілдің баянды мәртебесі

268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтіп, ұйымның жаңа президенті сайланды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен жауапты қызметке Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы сайланды.

Мемлекеттік тілдің баянды мәртебесі

Алқалы жиынға қоғамдық бірлес­тіктің төралқа және орталық кеңес мүше­ле­рі, Қазақстанның барлық айма­ғы­нан­ кел­ген делегаттар мен тіл жанашырлары,­ ғалым­дар мен қоғам қайраткерлері қатыс­­­ты. Аталған ұйым­ның бұған де­йін­ атқар­­ған жұмысына қорытынды жаса­лып,­ алдағы жұмыс жоспары мен жаңа мін­­дет­тері талқыланды.

­Айта кетейік, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол – қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жана­­шырларын біріктіретін еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мем­ле­кеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәде­ниеті мен ұлттық құндылықтарын наси­хат­тау, тілді қолдану мен оны үйре­ту­де жаңа технологиялық әдістерді пайдалану­ бағыттарында қызмет атқарады.

Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Халықаралық «Қазақ­ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы есеп берді. Ол 2021 жылдың 26 қарашасында Түркіс­танда өткен қоғамның VI құрылтайында ұйымның президенті болып сайланған еді.

«Бұл аралықта «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалының бастамасымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумын өткізді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап басып шығарды. «Алтын қыран» компаниясының демеу­ші­лігімен музыкасүйер ортада танымал Spotify қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тіліне аударылды.­ Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің фи­лиал­дар саны 135-ке дейін көбейіп, қоғам­ның бас кеңсесі Астана қаласына көші­рілді. Қазақтілді тұтынушылардың қызмет алу құқығын қорғау мақсатында «Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіп­керлік нысандардың тілге қатысты заңна­маны қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Одан бөлек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Народ­­ные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды. Аймақтарда да бірқатар жұмыс атқа­рыл­ды», деді бірлестік басшысы.

Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемле­кет­­тік­ қызметке ауысуына байланыс­ты­ қоғам­дық бірлестік басшылығына жур­на­­лист, қоғам қайраткері Рауан Кенже­­хан­­ұлының кандидатурасын ұсынды. Құрыл­­­тай делегаттарының ашық дауыс беруі­­мен Рауан Кенже­хан­ұлы­ «Халық­ара­­лық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғам­дық бір­­лес­тігінің президенті болып сайланды.

Айта кетейік, Рауан Кенжеханұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тілін­де­гі мазмұнды дамыту және оған қол­же­­тімділікті арттыруға бағытталған бір­қатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғам­дық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде Уикипедиядағы қазақша мақала саны
7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша Уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. 2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосыл­ды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағыт­талған KITAP – Қазақ­стан­ның ашық кітапханасы, студенттерге­ арнал­ған OPEN_U – «Қазақ­­станның ашық универ­ситеті» сын­ды ауқымды жоба­лар жүзеге асырылды. 2017-2021 жыл­дары Р.Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гума­нитарлық білім. Қазақ тілін­­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар қазір­гі қазақ әдебиетінің антология­сын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абайдың шығармалар жина­ғы әлем­нің 10 тіліне аударылып, әлем­нің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен­ сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөз­ді­гі­ жасалды.

Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқы­ту­ сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қа­зақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық техно­ло­гиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көп­шілікке, соның ішінде балаларға қажет­ті қазақтілді мазмұнды арттыру, тілді үйре­нуге және біліктілігін жетілдіруге ниетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы фор­мат­қа көшу мәселелеріне ерекше ден қоя оты­рып,­ қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істей­­ті­нін айтты. Аталған міндеттерді іске­ асы­руға қажетті ғылыми-әдіс­те­­ме­лік,­ ұйым­дастырушылық және ақпарат­ты­қ­­ шара­лар­ мен жобалар кешені дайын­дал­­мақ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бірлестіктің жаңа президентін қызметімен құттықтап, «Масс-медиа» туралы жаңа заңның жоба­сында мемлекеттік тілге қандай басым­дық­тар беру ұсынылып отырғанын айтты.

«Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргідей ақпарат пен жаңа технология қарқынды дамып жатқан кезеңде қазақ тілінің ұлтаралық және халықаралық тілге айналуына қызмет ету керек екені белгілі. Бұл орайда, Рауан секілді википедияны қазақша сөйлетіп, әдебиетімізді әлем тілдеріне аударған, тіліміздің мерейін көтеру үшін қыруар жобалар жасаған белгілі азаматтың бұл қызметті абыроймен атқаратынына сенім мол. Бұған дейін баспасөз тілі 50/50 қағидатымен жұмыс істегенін білесіздер. Біз оны өзгертіп, қазір 70/30 болсын деп жатырмыз. «Масс-медиа» туралы жаңа заң қабылданса, бүкіл ақпарат, жалпы еліміздің бүкіл масс-медиасының тілі 70 пайызы қазақша болады. Сонымен қатар қазақ тілі туралы доктрина әзірленіп жатыр. Сол доктринаға да енгіздік. Осында вице-министр отыр. Тіл туралы доктринаның ішіне ақпарат саласында қазақ тіліне басымдық беру туралы ұсыныстар енгіздік», деді министр.

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы мем­ле­кеттік тілдің мәртебесі әр саланың басында отырған іскер азаматтың қолында екенін атап өтті.

«Бұл ұйым халықаралық деңгейге жетпей тұрып та талай кезеңнен өтті. Тілі­міздің бүгінгі қоғамдағы жағдайына бұрынғыға қарағанда тәубе дейміз. Халықтың саны артуы, кеше ғана мектеп бітірушілердің 76 пайызы мемлекеттік тілде ҰБТ тапсыруы, түрлі салалардың тізгі­нін қазақтілді азаматтардың ұстауы – бұл да бір көрсеткіш. Әрине, бар­лық­ дүние өзіміздің іскерлігімізге бай­ла­нысты. Жаңа сайланған Рауан Кенже­­ханұлының бұған дейін атқарған іргелі жобаларын көрдік. Яғни әркім өз қыз­ме­тінде қазақ тілінің абырой-беделін биі­к ұстап, жаңа сапаға көтерілуіне жұмыс істеуі керек. Сонда ғана бұл мақсатқа барша халық бірге жұмылатын кезеңге өтеміз. Біз қазір осының көзін таба алмай отырмыз. Оның тетігі тек білім саласында шығып жатқан қазақтілді оқулықтармен табылмайды. Ал енді бірлестіктегі ендігі құрам осал емес, әр мүшесі елге белгілі азамат. Кезінде Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы секілді тұлғаларымыз қазақ тілін Президенттен емтихан алатындай деңгейге көтерді. Кез келген атқарушы биліктің өкілі қазақ тілінің алдында басын иіп, құрмейттейтін дәрежеге жеткізу – сіз бен біздің қолымыздан келетін іс», деді Дихан Қамзабекұлы.

Құрылтай ұсынысы бойынша халық­­аралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас дирек­торы Дихан Қамзабекұлы, Жазу­шы­лар одағының төрағасы Мереке Құл­ке­нов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеев­тер кірді.