Жәдігер • 25 Шілде, 2023

Бағзыдан жеткен бұйым

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық музейдің қорында бізге беймәлім жәдігерлер көп. Тарих көмбесінен сыр шертетін түрлі бұйымдар әр ғасырдағы мәдениетке жатады. Мәселен, соның бірі – бастары оңға-солға бұрылған жарты жылқы тәріздес алтыннан құйылған пластиналар. Ол Есік қорғанынан табылған. Біздің дәуірімізге дейінгі V-VІ ғасырларға жатады.

Бағзыдан жеткен бұйым

Жылқы жартылай бейнеленген жұп қапсырма – адам баскиімінің бөл­шек­тері. Ұзындығы – 6,5 см, ені – 5,2 см. Тігуге арналған саңылаулар жылқының денесі мен аяғында орналасқан. Бекітпе саңылауларды бұлай орналастыру қап­сырманы қадағаннан кейін жылқылар бейнесі көлемдірек көріну үшін жасалса керек. Мұнда жылқылардың басы мен жалы ерекше көрінеді. Жануарлардың денелері нобай нақышында жасалған. Кекілі маңдайына түскен және жалы төгілген жылқы бейнесі Азия аймағында кездеседі. Қапсырмалар қалыптау арқылы жасалған, беткі жағындағы бөл­шектері оюмен нақышталған. Тұтас ал­ғанда, қос мүсіннің келбеті ұқсас және бір­тұтас симметриялы композицияны құ­райды. Бұл ретте олардың әрқайсының өзіндік айырым ерекшелігі бар. Қазіргі уақытта қалпына келтірілген мүсіндердің біреуінің аяғы сынған.