Әдебиет • 25 Шілде, 2023

Оқудың азабы

219 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдетте адам баласы кітап оқиын десе, я уақыты болмайды, я құлқы болмайды. Әгәрәки, қым-қуыт тіршіліктен мойны жар бермей жүрген жан болса (бірақ, оқуға ниетті), кешірімді. Ал кітап оқитын уақыты да, құлқы да жоқтық – қасірет. Қазіргі таңда кітап оқымау дерті әлемде де меңдеп тұр. Әлқисса. Осы оқу деген, оқудан бұрын жазу деген қашан пайда болып еді?..

Оқудың азабы

Иә, әуелде сөз пайда болған десе­ді. Ақпарат бағзы замандардан­ бері адамдардың аса маңызды құндылық­тары­ның бірі болып келеді. Мәселен, тарихқа көз салсақ, хандар мен тайпа көсемдері, король, князьдер ежелде өз мұра­герінің тек екеуіне ғана ұлттық құпияларды айтып отырған. Негізінен ең құнды ақпарат мұрагерлік жолмен, яғни жеке отырғанда берілетін. Бұл үрдіс ғасырлар бойы, бәлкім, мыңдаған жылдарға жалғасты. Тіпті адамдар жаза бастағаннан кейін де естелік жазбалар, кітаптар аз таралыммен шығып тұрған. Тек кітап басу пайда болған соң, яғни жаппай таралым қолға алынғанда ақпарат үлкен қарқынмен тарала бастады. Бұл күллі адамзат тарихындағы ауқымды техникалық төңкеріс еді. Гутенбергтің арқасында әлем өзгеріп сала берді.

Осы сауаттылық мәселесі адамзат алдына жаңа міндеттер қойды. Тың білім іздеген жан үшін кітап оқу әрі құралға, әрі рухани досқа айналды. Ал әлемді бағындырамын дегендер жаппай сауаттылықтан пайда көрді. Білімді халық арасында қажетті ақпарат тез таралуы үшін пайдаланып, сауатсыздықты шұғыл түрде жоюға тырысты. Сөйте тұра «білімді» халықты уыста ұстау мүмкіндігіне ие болды.

Қыш тақтайшаларда, күміс тоста­ған­дарда, жартастарда, папирустарда, пергаменттерде сақталған ежелгі мәтін­дер өз дәуірімен бірге кетті. Гутен­берг­тің кітап басу технологиясын ғұмырлы қылған қағаз ғана жазуды жүз­де­ген жылдар бойы сақтады. Кейінгі екі-үш ұрпақтың өмірінде жазу мен ақпа­ратты сақтайтын түрлі дүниелер ойлап табылды. Фотопластинкалар, кино­таспалар, фотографиялар, магнито­фон­дар мен бейне, кассеталы, дискілі ойнат­қыштар, шеллакты, кейін винилді грам­пластинкалардың күйсандықтары… Алайда бұл тасымалдағыштардың бар­лы­ғы­ ұзаққа бармады. Яғни адамға қағаз ғана бес ғасырдан астам қызмет ете алады екен.

Мәскеуден шығатын бір әдеби газетте автор былай деп оқиғасын айтып­ты: «Менің «Сен Хемингуэйдің «Мұхиттағы ара­лын» оқып па едің?» деген сауалыма­ досым романды көлікте отырып, аудио­нұс­қасын тыңдағанын айтқанда ол менің сұрағымды түсінбегендей көрінді. Мұн­дай­ жауаптан соң, Лев Толстойдың «Анна Каренинасын» сұрасам, ол Майя Плисец­каяның қатысуымен өткен балетті көргенін, оған осының өзі жеткілікті екенін айтатынына сенімдімін». Бізде де тап осы жағдай. Қазақ ертегілерін мультфильм сияқты көрген балаға мәз боламыз. Түбі кітап оқитындар теледидар көретіндерді басқарады. Неге десеңіз, ит, сиыр, тауық әлемді көз алдында өтіп жатқан қозғалыс үстіндегі суреттер тізбегі ретінде көреді екен. Кинотеатрда яки теледидар алдында отырған көрермен де осы күйді бастан кешеді. Классикалық әдебиетті аудиожазба форматында тыңдайтындар туралы да мәселе осыған саяды. Есту – бұл басқа белгі беру жүйесі, оны күллі жануарлар әлемі: аю да, түлкі де, қарға да қолдана алады. Осындайда оқуды өте жақсы көрген Гоголь шығармасының кейіпкері – құл Чичиков ойға оралады. Оған не оқыса да бәрібір еді – ол мәтіннің сұлулығынан емес, адамның әріптерден сөз, сөздерден мәнді сөйлем құрауынан кәдімгідей ләззат алатын. Демек, Гоголь ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ адамның миы біз өз мүмкіндігінше пайдаланбайтын аса қуатты компьютер деген тұжырымға келген. Егерде әлгі Чичиков сол қалпымен қазіргі біздің қоғамда өмір сүрсе, оқымастың оқуына айтар тірі мысалымыз болар еді.

Өз заманында Толстой ақсақал: «Келе­шек­те жазушылар біз сияқты том-том шығар­малар жазбауы мүмкін. Тіпті көр­кем­ нәрселерге бару да бірте-бірте тыйы­луы мүмкін. Мақалалық дүниелермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін» деген екен. Бұл пайымның айтылғанына да, міне ғасыр­дан да ұзақ уақыт өтіпті. Әу баста бұны оқыған жұрт «Құдай сақтасындап», алғау­сыз кәдік келтіргенмен, Толстой тәмсілі алысқа кетпепті.

Данышпан Толстой сонда қазіргідей технологияның оза шапқан заман боларын һәм адамзат рухани кедейленіп, кітап оқудың, творчествоның, әдебиеттің ескіліктің жұрнағына айналып, артта қаларын іші біліп айтса керек. Том-том роман туралы сөз қозғамаймыз, өйткені қазір оқырман қысқа әңгімелердің өзін әупіріммен оқиды (Былайша айт­қан­да, қазір оқу – ең қиын жұмыс). Бірақ бұл жазушыларға да сылтау емес. Шығар­ма­шы­лық қуат жетсе, «Анна Каренинадай» 800 беттік (майда шрифпен 800 бет, ал қазіргі шығып жатқан кітаптардың көле­мі­не­ салса, 1000-ның үстіне барады) көлемді роман неге жазбасқа?! Бәлки, жазылар...

Қоғамда қанша жазушы болса, сонша оқырман қалды. Бұл бүгінгі әдебиеттің ауа райына қатысты айтылған дәл сөз. Адамдардың жазуға, творчествоға қызы­ғуы тіптен әлсірегенін осыдан бай­қаймыз (Оқырманның азаюы әлемде де өзекті мәселеге айналса да, Батыспен салыстырғанда, қазақ әдебиетінде шығар­машылық жетістіктер әлдеқайда аз). Мәселен, қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Кітап о бастан мәдениеттің бастауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттің белгісі. Иә,  кітап оқыған адам әрқашан мәдениетті. Халықтың көп бөлігі оқудан алыстап, кенеттен біреу роман оқып отырған замандасын көре қалса, іштей таңғалатын дәрежеге жеткендіктен, бүгінде оқу – сирек кездесетін қасиеттердің қатарына жатады (Мұндағы халық дегеніміз – газет-журналда істейтін сіз бен біз, яки әдеби ортадағы ағайын емес, жазуға мүлде қатысы жоқ, басқа салалардағы қалалық һәм ауылдық жұрт). Енді қарапайым кітап оқудың ахуалы осындай болғанда көркем әдебиеттің ау-жайын бағамдай беріңіз. Толстой ақсақал біздің бұл халімізді де тап басып танып айтыпты. Бұдан бөлек публицистік сарыны басым жазбалардың көркем әдебиетке таңылып жүргені һәм бұл үрдістің белең алып бара жатқаны тағы бар.