Өнер • 25 Шілде, 2023

Әлем сахнасындағы қазақ бишісі

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Балет әртісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан қазір ауқымды еуропалық тур аясында Италия төрінде өнер көрсетіп жүр. Ұйымдастырушылар авторлық бағдарламада қазақ әртісін айрықша дарынын назарға алып, одан балеттік репертуардан техникалық тұрғыда күрделі нөмірлерді билеп беруін сұрапты.

Әлем сахнасындағы қазақ бишісі

Қазақ бишісі «Роберто Болле және достары» атты балет кеш­­те­­рінде жаһан жұртшылығын хариз­­масымен­ және кәсіби шебер­лі­гімен таң­ғал­дырды. Айта кетейік, аталған балет кештері 11-29 шілде аралығында Рим, Флоренция, Верона, Казерта қалаларында өтіп жатыр. Ал 27, 29 шілдеде елордалық театрдың жетекші солисін Генуя мен Таорминадағы спектакльдер күтеді.

– Бұл турға мені досым, есімі әлемге танымал, аңызға айналған балет әртісі Роберто Болле шақырды. Оның өзінің «Artedanza» продюсерлік орта­лы­ғы бар, олармен көп жылдан бері шығармашылық байланыс­тамыз. Солардың шақыруымен Италияға жылына 4-5 рет барып тұрамын. Енді осы жолы көрер­меннің сұрауы бойын­ша жазғы турға шақырды. Роберто Болленің концерттеріне қатысу – өз шеберлігіңді үлкен аудиторияның алдында паш етуге жақсы мүмкіндік. Әлемге әйгілі бір ғана Арена ди Верона көне амфитеатрының өзінде өнерімді 15 мыңнан астам көрермен тамашалады. Сондықтан мен үшін бұл гастроль тек қана өз шығар­машылығымды ғана емес, жалпы қазақ балет өнерін таныс­ты­руға керемет алаң екені анық. Бір байқағаным, мұндағы көрер­мен ұнатқан әртістері туралы барлық мәліметті мұқият зерт­тейді екен: қай жерден екен­де­рін, қайда жұмыс істей­тін­де­рін білгілері келеді. Менің ита­лиялық жанкүйерлерім әлеу­­­мет­тік желілердегі парақ­ша­ла­рыма жазылып, сонда өзде­рі­нің жылы лебіздерін қал­ды­­рып жатыр. Осынау тамаша елде шығар­машылығымды баға­лап, концерт­теріме 4 жылдан бері келіп жүрген жандар бар. Соны­мен қатар өнерімді бүкіл Еуропа, Аустралия, Оңтүстік Америка, Жапония және басқа да елдердегі асқақ өнер жанкүйерлері бақылап отырады, – дейді Бақтияр Адам­жан.

Роберто Болле өзінің гала-кештеріне тек жоғары дең­гейдегі орындаушыларды шақы­ратынын атап өтуіміз қажет. Осы ретте «Астана Опера» премьері Бақтияр Адам­жанның Роберто Болленің концерттеріне жыл сайын қатысып келе жатқаны жетекші солистің әлемдік балет өнерінде лайықты орын алғанын тағы бір дәлелдей түседі.

11-13 шілде аралығында Рим­де­гі Каракалла термаларын­да өт­кен музыкалық фестивальде би­ші­ Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балет­те­рі­нен па-де-дені орындады. Араға екі күн салып, Флорен­ция­дағы әйгілі «Piazza della Santissima Annunziata» алаңында Сенкинг­тің музыкасына хореограф Исян Чжанның «In the wake» зама­науи нөмірі мен «Дон Кихот» бале­ті­нен па-де-дені ұсынды. Оның 19 шілдеде Арена ди Верона амфи­театрындағы, 22 шілдеде Ред­жиа ди Казертадағы өнер көр­се­тулері де жақсы әсермен өтті.

Айта кетейік, Италиядағы гас­­троль осы айдың соңына де­йін жалғасады. 27 шілдеде отан­­­­дасымыздың қатысуымен Генуя­дағы Вилла Гримальди ала­ңын­да, 29 шілдеде Таорминадағы көне театрда Балет кештері өтеді. Бақ­тияр онда жоғарыда атал­­ған нөмір­лермен қатар Цезарь Пуни­дің­ «Эсмеральда» бале­ті­нен «Диа­на және Актеон» па-де-десін ұсы­на­ды.

– Кейде шетелде концерттер мен спектакльдерге қатысу туралы ұсыныстардан бас тартуға тура келетін кездер болады. Себебі «Астана Операда» мені тағат­сыздана күтетін сүйікті көрер­мені­мнің алдында өнер көрсеткім келеді. Бұл мен үшін зор қуаныш әрі жауапкершілік. Осы ретте қызметіме үнемі қолдау білдіріп жүрген театр басшылығына, әсі­ресе балет труппасының көр­кем­дік жетек­шісі Алтынай Асыл­мұ­ра­то­ваға алғысымды айтқым келеді, – деді биші.

«Астана Операның» жетекші солисі елімізде ғана емес, әлем­дік балет өнерінде танымал екені баршаға аян. Оның өнер көр­се­ту­лер кестесі алдағы бірнеше айға жазылып қояды. Мәселен, солист тамызда Ballet International Gala ұйымдастырушыларының шақы­руымен осымен төртінші мәрте Аустралияға аттанбақшы. Онда Бақтияр сахнадағы жұбы Шұғыла Әдепханмен бірге өнер көрсетеді. Ал күзде балет жұлдызы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Star Gala-да, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында «Petipa Awards» марапатын табыстау рәсімінде, сонымен қатар Кипр мен Швейцария секілді басқа да елдерде сахнаға шығады.