Аймақтар • 31 Шілде, 2023

Абай облысында «Зерде» неврологопедиялық орталығы ашылды

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2021-25 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкердің бірі - «Болашақ» ЖК директоры Ардақ Мейрамбекқызы осы жылдың ақпан айында қажетті жабдықтарды сатып алып, «Зерде» неврологопедия орталығын ашқан. Ол жеке кәсібін дамыту үшін 4 млн теңге грант алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысында «Зерде» неврологопедиялық орталығы ашылды

Фото: Абай облысы әкімдігінің телеграм каналы

Балалардың қоғамға бейімделуіне көмек көрсететін аталмыш орталық 1 жастан 8 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге қызмет көрсетеді. 4 бөлмеден тұратын орталықтың әр бөлмесінде әртүрлі мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ бала миының жұмысына тікелей әсер етуге арналған спорт залы да бар. Орталық жаттығу терапиясы бөлмесіне арналған вестибулярлық сенсорлық аппарат, әткеншек, жүгіру жолы, логопедиялық оқу құралдарымен жабдықталған.

«Зерде» неврологопедия орталығындағы емдік дене шынықтыру жаттықтырушысы, логопед, психолог, дефектолог, нейропсихолог, педагог, барлығы 6 адамнан құралған қызметкерлердің  әрқайсысы балалармен жекелей де, топпен де жұмыс істейді.

Қазір орталық 25 баламен жұмыс жасап жатыр. Орталықта сөйлеу тілінің дамуы тежелген, әлеуметтік бейімделуінде қиындықтары бар балалар ем қабылдауда.

«Бізде көп маман болмаса да, бірнеше балаға көмектесіп жатырмыз. Қайтарымсыз грант мамандығыммен айналысып, осындай орталық ашуыма себеп болса, екінші жағынан балалардың қоғам өміріне бейімделуіне жағдай жасауға мүмкіндік берді», дейді Ардақ Мейрамбекқызы.