Қоғам • 07 Тамыз, 2023

Қамкөңіл жандарды тегін тасымалдайды

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қамкөңіл жандарды қолдау – қоғамға ортақ міндет. Қыркүйек айынан бастап Алматыда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған «Инватакси» жобасы кең ауқымда іске қосылады. Бастапқы екі айда қанатқақты жоба ретінде жүзеге асатын бастама мұқтаж жандарға үлкен көмек болғалы тұр.

Қамкөңіл жандарды тегін тасымалдайды

Мегаполисте «Инватакси» қызметін екі мыңнан аса адам пайдаланады, оның 800-і – мүгедек балалар. Биыл аталған қызметті ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 920 млн теңге бөлінген.

«Бұған дейін қалада қосымша қажет­тіліктері бар адамдарды тасымал­дау­ға мамандандырылған көлік тапшы­лығы байқалған еді. Әсіресе инватакси қызметтерінің сапасына қатысты ескертулер жиі болған. Көрсетілетін қызметтерді көпшілікке қолжетімді ету және сапасын арттыру үшін Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қол­дауымен «Яндекс.Такси» агрегаторы арқылы инватакси қызметтерін ұсыну жобасы жүзеге асты», дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.

Азаматтар тарапынан айрықша сұра­ныс тудырған жобаның нормативтік-құқықтық актілеріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан тиісті өзгерістер енгізу жоспарланған. Бұл – өз кезегінде қосымша қажеттіліктері бар адамдар үшін қолайлы және қауіпсіз қозғалуды қамтамасыз етудің оңтайлы жолы. Жыл сайын бұл қызметке қажет­ті­лік артып келеді. Мәселен 2021 жылы
1 462 мүгедек адам инватакси қызметімен қамтылса, 2022 жылы 1 488 азамат аталған бағдарламаның көмегіне жүгінген.

Жобаны үйлестірушілер қызметті жеткізушілер үшін «Яндекс.Такси» плат­формасында есептік жазбалар жасал­ғанын, мүгедектігі бар адамдарды қанат­қақ­ты жобаға қосу мүмкіндігі беріл­генін атап өтті. Осы жобаға қосылған мүгедектігі бар адамдар «Яндекс.Такси» қосымшасы арқылы қызметтерге тапсырыс беруді ыңғайлы уақытта Яндекс Go қосымшасында арнайы әзірленген «INVA» тарифі арқылы дербес жүзеге асыра алады. Бұл жобада күніне сапарлар санына шектеу қойылған. Мәселен, мүгедектігі бар бір адам үшін күніне 2 сапардан аспайтын лимит белгіленген.

Айта кету керек, Алматы қаласы бо­йын­ша қызмет азаматтардың бес санаты үшін ұсынылады. Олар – кресло-арбамен қозғалатын және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балалар, көру қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балалар, аутизм спектрі бұзылған мүгедектігі бар жеткіншектер.