Абай • 10 Тамыз, 2023

Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады

«Құрметті достар!

Баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Абай – тұтас халқымыздың рухани темірқазығына айналған ұлы ойшыл. Ұлттық болмысымыз бен адами дамуымызға бағдар болған бірегей тұлға. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың @tokayev_online бастамасымен 10 тамыз «Абай күні» деп белгіленген болатын.

Ұлы ғұламаның мұрасы – қанша уақыт өтсе де сыны кетпейтін, сыры таусылмайтын бағалы қазына. Абайдың өзі ХІХ ғасырда өмір сүрсе де, жаңа заманның адамымен рухани үндес тұлға екені сөзсіз. Өйткені дұрыс құндылықтарға табан тіреген, білікті, отаншыл, жанашыр азамат болып қалыптасу үшін ойшылдың «Толық адам» тұжырымын бағдар ету қазіргі таңда да аса маңызды.

Президентіміз ақынды ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор деп атағаны белгілі. Шын мәнінде, Абай халқымыздың бітім-болмысын зерделеп, терең ұғынып, оны уақыт талабына сай шыңдаудың формуласын ұсынды. Сонымен бірге, адами асыл қасиеттерді дәріптеп, әлемдік ойдың биігіне көтерілді. Сондықтан Абайдың мұрасы ұлтымызбен қоса жаһан жұрты үшін де құнды әрі қадірлі.

Мұның бәрі ақынның асыл мұрасын елімізбен бірге шетелдерде де дәріптеудің маңызы зор екенін көрсетеді. «Абай күні» – осы мақсатты көздейтін рухани мереке. Сондықтан әлемнің қай түкпірінде жүрсек те ойшылдың өсиеттері мен өлеңдерінен тағылым алып, оны насихаттағанымыз абзал.

Абайдың ұлағаты – әрбір азаматымыз ұмтылуға тиіс биік белес. Сол биікте баршамыздың басымыз біріксін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», делінген Сенат төрағасының құттықтау хабарламасында.