Абай • 10 Тамыз, 2023

Абай есімі әлемнің бірнеше елінде салтанат құрған

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толды. Ұлы ақынның есімі әлемде салтанат құрғандығын бірнеше елдердегі ойшылдың құрметіне арналған көшелер мен ескерткіштер аңғартса керек,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай есімі әлемнің бірнеше елінде салтанат құрған

Фото: Ақорда.kz

Абай есімімен аталынатын көшелер: Тәжікстанның басты шаһары Душанбеде, Әзербайжан астанасы Бакуде, Үндістанның басты шаһары Делиде, Украинаның Киев, Краматорск, Днепропетровск қалаларында, Египет астанасы Каирде, Германия астанасы Берлинде, Өзбекстанның бас шаһары Ташкентте, Қырғызстан астанасы Бішкекте, Ресейдің Алтай Республикасындағы Көш-Ағаш ауылында, Түрікменстанның Акдаш ауылында бар.

Естеріңізде болса, 2022 жылғы 26 мамырда Бішкекте Абай ескерткіші ашылды. Оның ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қатысқан.

Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті.

«Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген. Шын мәнінде, екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді. Бұл есім қазақ арасында өте танымал. Әйгілі Манасқа құрметіміз ерекше. Манастану ғылымының негізін қалаған Шоқан Уәлиханов екенін еске салғым келеді. «Манас» жырының тағдыры тартысқа түскен кезде оған Мұхтар Әуезов араша түскенін білеміз», деп еді Қазақстан Президенті. 

Сондай-ақ Абай ескерткіштері Венгрияда астанасы Будапештте, Қытай астанасы Бейжіңде, Францияның Ренн қаласында, Беларустің Витебск қаласында, Өзбекстан астанасы Ташкентте, Ресей астанасы Мәскеуде бар. Ақынның ескерткіші Мәскеудегі Қазақстанның Ресейдегі елшілігі маңында орнатылған. Сонымен бірге Абай ескерткіші Иран астанасы Тегеранда  бар, оған қоса, Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. 

1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында белгілі прозашы Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.

Ақорда.кз