Кәсіпкер • 13 Тамыз, 2023

Құрылыс саласына серпіліс: инновациялық мектептерді салудағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ рөлі

207 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1956 жылдан бері тамыз айының әр екінші жексенбісі құрылыс саласының қызметкерлері төл мерекелерін атап өтеді. Кеңес кезеңінен бастау алатын мейрам еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін күнтізбеден алынбады.

Құрылыс саласына серпіліс: инновациялық мектептерді салудағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ рөлі

Ел экономикасының дамуында құрылыс секторы маңызды рөл атқарады. Бұл сала бүгінде 700 мыңға жуық қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Құрылысшылардың жұмысы қиын, бірақ аса маңызды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың сапалы құрылысы, сайып келгенде, отандастарымыздың тұрмыс жағдайының жақсаруына мүмкіндік береді.

Самұрық қазына

Әрине, жұмысымыз орынды сынға ұшырап та жатады, әсіресе сапаға қатысты тұрғындар наразылық білдіретін жағдайлар баршылық. Біз болашақта бұған жол бермеуіміз керек. Ол үшін саланы дамытып, ашықтық пен әділдікті, белсенділік пен құрылысшылардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету маңызды.

Өткен жыл әлемдік экономика мен қаржы нарығы үшін оңайға соқпады. Құрылыс материалдары мен жабдықтар біршама қымбаттап, тұтынушылардың төлем қабілеті төмендеді. Дегенмен, біздің мамандардың табандылығы мен кәсібилігінің арқасында Samruk-Kazyna Construction қаржылық тұрақтылықты сақтап, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізді: өткен жылы біз 150 мың м2 астам тұрғын үйді пайдалануға беріп, жылдық жоспарды 3% - ға асыра орындадық.

Сондай-ақ, өткен жылы Астана қаласында шатыр жабындысы және қасбетті қаптау материалдарын шығаратын зауыттың құрылысына инвестиция салдық. Кәсіпорын қыркүйек айында іске қосылады. Аталған өндіріс ошағы отандық өнім есебінен шетелден импортталатын құрылыс материалдарының үлесін едәуір қысқартуға және баспананың шаршы метрінің құнын арзандатуға сеп болмақ.

Биыл отандық құрылыс секторында құлдырау байқалады. Материалдардың қымбаттауы, жеткізілім тізбектерінің бұзылып, кешігуі және басқа да проблемалар баршылық. Осыған қарамастан «Samruk-Kazyna Construction» АҚ әлемде баламасы жоқ «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыра бастады. Республикалық бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын тың жобаның аясында 3 жылда Қазақстанның барлық өңірлерінде 369 мектеп салынады. Бұл 740 мыңнан астам жаңа оқушы орнын ашып, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жоба аясында білім беру нысандарын салу жөніндегі бірыңғай дирекция болып бекітілді. Менің ойымша, бұл біздің компаниямызға артылған үлкен сенім. Компаниямызда тәжірибелі және білікті кадрлар жұмыс істейді, сондықтан біз билік пен халықтың сенімін ақтау үшін барлық  күш-жігерімізді саламыз. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы құрылыс компаниялары мен отандық тауар өндірушілерді тапсырыстармен, ал қатардағы құрылысшыларды жұмыспен және тұрақты табыспен қамтамасыз етеді.

Ұлттық жобаның әлеуметтік маңызы зор. Болашақта біз бұл мектептер үшін балаларымыз бен немерелеріміздің алдында ұялмайтындай етіп сапалы салуымыз керек. Сондықтан, жобалау мен құрылыстың сапасы қатаң бақылауда. Біз «бір күндік» жалған фирмалар мен жосықсыз мердігерлерді іріктеуден өткізбес үшін құрылыс компанияларына жоғары талаптар қойдық. Сондай-ақ, бекітілген шектеуге сәйкес, бір құрылыс компаниясы ұлттық жоба аясында 20-дан астам мектеп сала алмайды. Конкурстық рәсімдер кезінде жергілікті компанияларға басымдық беріп, оларға 5 пайыздық жеңілдік қарастырдық. Яғни, басқа аймақтардағы құрылыс компанияларына жергілікті компанияларға қарағанда байқауда жеңіске жету күрделірек болады. Сонымен қатар, әр аймақта мектеп жиһазы және оны өндіретін кәсіпорындарды таңдау бойынша арнайы комиссиялар құрылды. Біз отандық өндірушілерді қолдауға дайынбыз, ал жиһазды таңдау құқығын педагогтерге беру керек деп есептейміз. Олар мектеп оқушыларының не қалайтынын жақсы біледі. Біздің мамандар, сарапшылар және қарапайым құрылысшылар еліміздің болашағы балалар үшін жаңа форматтағы заманауи, жайлы оқу орындарын сапалы жобалау және салу үшін бар күш-жігерін салады.

Жайлы мектептер соңғы үлгідегі заманауи технологиялық игіліктермен жабдықталады, оқушылар мен ұстаздар үшін барынша ыңғайлы болады. Ауылдар мен қалалардағы мектептердің бәрін біркелкі етіп саламыз, осылайша балалардың бәріне тең жағдай жасаймыз.  Біздің мақсатымыз – жеткіншектер мектепке ынтамен, қуана және асыға баратындай жағдай жасау. Әр оқушы білім ошағында өткізетін уақытын тиімді пайдалануы керек. Жайлы мектептерде бұл үшін қажеттінің бәрі қарастырылады: коворкинг орталықтары, зертханалар, шеберханалар мен алып спорт алаңы. Онда стадион, хоккей корты мен жүгіру жолағы жасалады. Қыста оқушылар хоккей ойнап, шаңғы тепсе, жазда мектеп аумағын айналып, кросс жүгіреді. Осының арқасында салауатты ұрпақ қалыптастыруға бір табан жақындай түсіп, болашақ чемпиондарды мектеп қабырғасынан тәрбиелейміз.

Жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін Құрылыс комитетінің банкіне кіреді. Осылайша, болашақта осы мектептердің дайын жобалау-сметалық құжаттамасын жаңа білім беру объектілерін салу кезінде пайдалануға болады. Бұл, өз кезегінде, миллиардтаған бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Пилоттық ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында отандық құрылыс саласын реформалау қажеттігіне көз жеткіздік. Нормативтік құқықтық актілер жаңартуды талап етеді, ал құрылыс нормаларының көпшілігі ескірген, өйткені индустрия бір орында тұрмай, алға жылжып келеді. Біз мектеп салудың, жобаны басқарудың және сапаны бақылаудың жаңа тәсілдерін енгізуге тырысып жатырмыз. Жоба шеңберінде алғаш рет ЕРС-келісімшартар тәжірибесін қолдандық. Оған сәйкес әр мердігер компания немесе консорциум мектептерді салып қана қоймай, жобалап, толықтай жабдықтауы тиіс, яғни нысанды дайын  күйде тапсыруға міндетті. Ұлттық жобаның нәтижесіне сәйкес біз ел Үкіметіне отандық құрылыс секторын жаңғырту бойынша нақты ұсыныстарды жолдаймыз.

Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасының тәжірибесі саланы, оның ішінде отандық материалдар мен тауарлар өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Біз отандық кәсіпорындарды қолдап, оларға өндірістік әлеуетті күшейтуге және кеңейтуге мүмкіндік беруге дайынбыз.

Ұлттық жобаны сәтті жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдармен, салалық қауымдастықтармен және сарапшылармен де етене жұмыс істеп жатырмыз. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік танытсақ қана, ортақ мақсатқа қол жеткізе аламыз. Өз басым халық пен билік, қоғам белсенділері тарапынан орынды ұсыныстарға ашықпын және оларды мұқият тыңдап, саралап, қарастыруға дайынмын.

Заманауи, жайлы мектептердің құрылысынан бөлек «Samruk-Kazyna Construction» тағы бірқатар бастамаларды қолға алмақ. Біріншіден, ескі үйлерді реновациялау бағдарламасы арқылы апатты және қауіпті баспаналарды қайта жаңғырту; екіншіден, жетім балалар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы баспана салу бағдарламасын іске қосу. Бұдан бөлек, тағы екі жоба әзірлену үстінде. Елді дамыту мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған осы төрт бастамамыз Үкімет пен Мемлекет Басшысының оң қолдауын тапқан жағдайда, сала жаңа серпіліс алады, құрылыс компаниялары тапсырыстармен, ал мамандар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. 

Құрылыс саласының мамандарын, әріптестерімді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ атынан және жеке өз атымнан кәсіби мереке – Құрылысшылар күнімен құттықтаймын! Шыны керек, көзге көрінбейтін қыруар жұмыс жасалып жатыр. Айтарым, біздің күшіміз – бірлікте! Әр қызметкердің бойындағы күш-жігер мен жоғары кәсібилігі халықтың өмір сүру сапасын арттыра отырып, қалаларымыз бен ауылдарымыздың келбетін көркейтіп, қарқынды дамуына жол ашады. Біздің ортақ жетістіктеріміздің артында сіздердің қажырлы еңбектеріңіз жатыр. Ең бастысы – қазақстандықтарға қолайлы жағдай жасап, көптен бері толғандырып келе жатқан мұң-мұқтажын шешу. Тұтас елдің және біздің компанияның дамуы мен өркендеуі жолындағы баға жетпес еңбектері үшін барлық құрылыс саласының қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін! Сіздерге кәсіби табыс, денсаулық және отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Чч

Мәулен АЙМАНБЕТОВ,

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы