Қоғам • 15 Тамыз, 2023

Шетелден әкелінген көлік кедендік тазартудан өту қажет - МКК

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірмейтін үшінші елдерден әкелінген көлік құралдары міндетті түрде кедендік тазарту рәсімінен өтуі тиіс. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Ержан Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетелден әкелінген көлік кедендік тазартудан өту қажет - МКК

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында заңсыз әкелінген көлік құралдарына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Мұндай көлік құралдарын заңдастыру үшін бір реттік тәртіппен 200 мың теңгеден аспайтын мөлшерде бірыңғай кәдеге жарату алымын және бастапқы тіркеуді қолдану ұсынылды.

Бұл шара 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, кедендік тазартудан өткен және іздеуде жоқ көлік құралдарына қатысты болуы тиіс.

Еске салсақ, заңдастыру 2023 жылдың 23 қаңтарында басталып, 2023 жылдың 1 шілдесінде аяқталды.

«Мемлекеттік кірістер комитеті көлік құралдарын жалпы заңдастыруға тікелей қатысты. Комитет көліктерді заңдастыру кезінде Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерін арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына орналастырды. Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлері кедендік тазартудан өту туралы мәліметтерді, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кедендік тазартуды тексерді. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кедендік тазартудан өткен тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтермен өзара алмасу жүргізіледі, Комитет алған мәліметтерді «Біріктірілген деректер қоймасы» ақпараттық жүйесіне орналастырды. Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлері ақпараттық жүйелерінде («АСТАНА-1», «Біріктірілген деректер қоймасы» жүйелерінде) тексеру арқылы кедендік тазартудан өткенін растайтын анықтамалар берді. Кедендік тазартудан өту туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы және Армения Республикасында болған жағдайда, кедендік тазартудан өткені туралы растау анықтамалары берілді», деді  Ержан Әбдірахманов.