Оқиға • 22 Тамыз, 2023

Түркістан облысында бір әулеттен 11 адам суға батып кетті

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Сырдария өзенінде 11 адам қаза тапқан оқиғаның мән-жайы айтылды, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан облысында бір әулеттен 11 адам суға батып кетті

Фото: Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 21 тамызда сағат 18:00 шамасында тұрғындардан адамдар суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Белгілі болғандай, шомылуға келген 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Олардың  бесеуі бала, алтауы ересек адам.

«Олар - бір отбасының мүшелері немесе тегі бір адамдар. Онда бірнеше ағайындылар және олардың балалары болды. Туыстарының сөзінше, олар тойдан шығып, өзен жағасында демалуды ұйғарған. Жағалаудан бірден терең жері басталады. Шамасы біреуі суға бата бастап, басқалары оны шығарып алуға тырысып, батып кеткен. Алдын ала ақпарат бойынша, олар бір-бірін құтқаруға тырысып, батып кетті. Тіпті шомылуға үлгермеген, бәрінің үстінде киім болды. Бұл жер шомылуға арналмаған», деді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.

Судан сегіз адамның денесі шығарылған. Қалған үшеуін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, оқиға орнына жіберілген Отырар ауданы әкімдігінің, аудандық ТЖ, орман шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері, еріктілер бірден іздестіру шараларына кіріскен.

Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына 144 адам, 16 техника, 6 жүзу құралы және дрон жұмылдырылған.