Аймақтар • 30 Тамыз, 2023

Абай облысында 10 отбасыға пәтер кілті табысталды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысында Конституция күні қарсаңында көпбалалы отбасылар баспана кілтін алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысында 10 отбасыға пәтер кілті табысталды

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, сатып алу құқығынсыз жалға берілген баспана Семей қаласының Комсомол кентінде орналасқан. Екі пәтерлі үйлердегі бір пәтердің ауданы 85 шаршы метрді құрайды.

Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов мемлекеттік тұрғын үй қорында баспана алу кезегінде тұрған 10 отбасыға кілтті табыстап, қоныс тойымен құттықтады.

- Мемлекеттің әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі - халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Биыл Семей қаласы бойынша кезекте тұрған 122 отбасыға кілттер табысталады. Бүгін көпбалалы отбасылар жаңа баспанаға ие болды. Сіздерге амандық, жайлылық пен жақсылық тілеймін. Қоныс тойы құтты болсын! - деді қала басшысы.

Айта кетейік, осы жылдың қыркүйек айында тағы 32 көпбалалы отбасы Комсомол кентіндегі жаңа үйлерге көшеді.

Жалпы 2023 жылы өңірде көпбалалы отбасыларға 43 тұрғын үй, ал халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары үшін – 120 тұрғын үй берілді. Биыл халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топ санатындағы 501 отбасы мен 117 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.