Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2023

Қазақстанда жаңа министрлік құрылады – Президент Жолдауы

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда жаңа министрлік құрылады – Президент Жолдауы

Фото: ашық дереккөз

«Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, суды барынша үнемдеуіміз қажет, ал оны нормативтен артық жұмсағандар ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек.

«Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдау барысында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтіні де белгілі болды. Сондай-ақ Президент Қазақстанның су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалатынын қоса айтты.

«Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.