Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2023

Қазақстан көлік саласында Ресеймен, Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану керек екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан көлік саласында Ресеймен, Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді

«Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек», деді Президент.

Оның айтуынша, ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар. Қазақстан көлік саласында Ресеймен, Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді.

«Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек.

Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет. Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс», деді ол.

Президент бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы керек екенін айтты. Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс.