Егемен Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2023

Әкімдерді сайлау заңға сай өтеді

121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрғанын, сапалы мамандар тәрбиелеуді қолға алу керек екенін айтты.

Әкімдерді сайлау заңға сай өтеді

«Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров  журналистермен өткізген брифингте аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауға қатысты пікірін білдірді.

Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялармен бірігіп, аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауға тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз сайлауды өткізуге толық дайынбыз. Қай облыстарда, аудандарда сайлау өткізетінін жергілікті облыстық мәслихаттар шешеді. Орталық сайлау комиссиясы бұл сайлаудың қатаң түрде заңға сай өтуіне бар күшін салады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы журналистердің сұрақтарына жауап берді. «Сайлау әр өңірде әртүрлі мерзімде өте ме?» деген сауалға Нұрлан Әбдіров төмендегіше жауап қайтарды:

«Әрине сайлауды ұйымдастырушы орган ретінде бізге сайлаудың бір уақытта өткені қолайлы болар еді. Әйтсе де облыстық мәслихаттардың шешімін күтеміз. Заң бойынша сайлауға дайындық және оны өткізу мерзімі 50 күннен кем болмау керек. Сайлауды кемінде екі ай ішінде өткізуіміз керек».

«Сайлау осы жылдың соңына дейін өте ме?» деген сұраққа Орталық сайлау комиссиясының төрағасы келесідей жауап берді:

«Біз де жылдың соңына дейін өтеді деп болжап отырмыз. Қалай болғанда да бәрі облыстық мәслихаттардың шешімдеріне байланысты».

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының пікірінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес елімізде тіркелген саяси партиялар аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдері сайлауында өздерінің өкілдерін ұсынуға құқылы. Бірақ әрбір округке бір ғана  кандидатын ұсына алады. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров елімізде   тәуелсіз байқаушылар институты жақсы дамып келе жатқанын,  жылдан жылға олардың қатары да, қызмет сапасы да артып келе жатқандығын тілге тиек етті.

«Тәуелсіз байқаушылар өз қызметін жоғары деңгейде заңға сай өткізуі керек. Сол себепті, қоғамдық бірлестіктер оларды сапалы дайындап жатыр», деді  Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.