Ұлттық спорт • 04 Қыркүйек, 2023

Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль басталды

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директоры Бақдаулет Сәбитов аталған фестиваль нәтижесінде үздік үш өңір анықталатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz Орталық коммуникациялар қызметі сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль басталды

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Фестиваль 4-10 қыркүйек аралығында өтеді. Бүгін доданың алғашқы жарысы – көкпар ойындары басталып та кетті.

ҚР Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі биыл алтыншы рет өтіп жатыр. Аталған іс-шараны бір жағынан 2024 жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының алдындағы дайындық десе де болады.

Асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ сияқты 11 ұлттық спорт түрінен 17 облыстан, 7 қаладан бас-аяғы 1362 спортшы тіркелген. Одан бөлек, 500-ге тарта сала мамандары бар.

«Бұл сын спортшылардың ғана емес, еліміздің барлық өңірлері өзара бақ сынасатын алаң. Яғни, фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік үш өңірді анықтайтын боламыз», деп нақтылады спикер.

Оның айтуынша, фестиваль бағдарламасындағы барлық орындар баллдық жүйемен есептеліп, бірінші орыннан жиырмасыншы орынға дейін барлық аймақтардың деңгейі анықталмақ.

«Кезінде фестиваль бағдарламасында қыз қуу деген өнеріміз де болған. Өкінішке қарай, соңғы кездері біз оны спорт түрінен алып, ойын түріне қосып отырмыз», деді Б. Сәбитов.

Ал өткен жылы ұлттық спорт түріне дәстүрлі садақ ату енгізілген.

Сондай-ақ Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының басшысы фестивальге облыстардың қатысу деңгейіне тоқталып өтті. Жаңадан құрылған Ұлытау және Абай облыстарынан қатысушылар төрт спорт түрінен ғана келсе, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан 6 спорт түрінен ғана келіп отыр. Дегенмен, Б.Сәбитов ұлттық спорт түрлерінің дамуы қазіргі кезде біркелкі сипат алып келе жатқанын айтты. Яғни, еліміздің тек қана оңтүстігі емес, солтүстігі, шығысы мен батысының бәрінде бір деңгейде мүмкіндік бар.

Б.Сәбитов жанкүйер болу арқылы адамдар ұлттық спорттың дамуына үлес қоса алатынын атап өтті.

«Ұлттық спорт жанкүйерлерін бүгіннен бастап 10 қыркүйекке дейін Қазанат ипподромында, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Қазақстан» жеңіл атлетика манежінде, сондай-ақ «Аспан» спорт кешенінде күтеміз», деп түйіндеді ол.