ЖОЛДАУ • 06 Қыркүйек, 2023

Ләззат Рамазанова: Жолдаудың түйінді тұжырымы - еліміздің әл-ауқатын арттыру

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Осы орайда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова ел Президенті көтерген мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ләззат Рамазанова: Жолдаудың түйінді тұжырымы - еліміздің әл-ауқатын арттыру

«Президент өз Жолдауында геосаяси және экономикалық сілкіністер әлемінде Қазақстан өзінің күшті жақтарын бәсекелестік артықшылықтарға айналдыруды үйрену қажет екенін айтты. Мен бұны биылғы Жолдаудың басты ойы ретінде қабылдадым. Бізде ресурстар көп, бірақ инвесторлар үшін қажетті жағдай толық жасалмаған. Бізде лайықты өндірушілер бар, бірақ жұмыстары баяу, оған қоса, еңбек нарығы қорғалмаған. Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыру үшін кемшіліктердің барлығын жою - Үкіметтің және билік тармақтарының басты міндеті. Бұл биылғы Жолдаудың маңызды темірқазығы деп ойлаймын», деді Ләззат Рамазанова.

Сондай-ақ Л.Рамазанованың айтуынша, Мемлекет басшысы экономика қазіргі заманда экологиялық мәселелермен тығыз байланыста екенін айқын жеткізді. Дамыған елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, біз ESG қағидаттары бойынша индустриялық саясат құруға міндеттіміз. «ECOJER» қауымдастығы осыдан екі жыл бұрын су тапшылығы проблемасын кешенді шешу қажеттігін талап еткен. Сондықтан Су ресурстары министрлігінің құрылуы ақталған талап. Ең бастысы, онда сапалы шешімдер қабылдай алатын нағыз кәсіпқой мамандар шоғырлануы керек.

«Екінші аспект - адамдар. Соңғы Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев, шын мәнінде, жаңа әлеуметтік бағдарламаны жариялады, Жолдаудан біз соның қисынды жалғасын естідік. Кез келген экономикалық реформалардың индикаторы - қатардағы Қазақстан азаматтарының өмірі, әрбір отбасы мен ересектердің және балалардың әлеуметтік жағдайы екені анық. Бірақ біз балалар туралы айтқанымызда, ескі проблемалар алдыңғы орынға шығады», деді ол.

Оның ойынша, өз балаларын қорғай алмайтын мемлекетте қандай табыстар туралы сөз болуы мүмкін?! Буллинг және зорлық-зомбылық проблемалары, оған қоса, мектептер мен білікті педагогтардың тапшылығы да бар.

«Жолдауда айтылғандарды жүзеге асыру бойынша адамдардың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуі керек», деп түйіндеді Ләззат Рамазанова.