Ғылым • 11 Қыркүйек, 2023

Өнертапқыштарды өгейсітпейік

180 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жас өнертапқыштар жетерлік. Алайда олардың жоқтан бар жасап ашқан жанкешті еңбегі елден қолдау таппай ескерусіз қалып келе жататыны өкінішті.

Өнертапқыштарды өгейсітпейік

ФОТО: abai.kz

Ел қажетіне жарар қандай жаңа­лық­тар ашылды және олардың қан­шасы өндіріс­ке жіберілді? Өнер­тапқыштарға қандай, көмек көр­сетіліп жатыр? Өкінішке қарай, бұл туралы көпшілік біле бермейді. Себебі дәл осы жұмыстарға жауапты Qazpatent-тің, яғни Ұлттық зияткерлік меншік институтының ел алдына шығып есеп бергенін естіген де, көрген де емеспіз. Құдды бір жұмбақ мекеме секілді. Десе де, мен бұл мекеменің жұмысымен көптен таныспын. 2014 жылы күн электр стансасына инновация­лық патент алған едім. 2021 жылы автомобильдерді жол апатынан сақ­тайтын магниттік құрылғыға алған патентім және бар. Одан бөлек, былтыр күзде «жасыл энергетикаға» арналған төрт жобамды аталған мекемеге ұсынған едім. Бірақ әлі күнге дейін толық жауап алғам жоқ. Оның үстіне патентті алған күнде де, сызбалар бойын­ша жасалатын макетті қайда барып әзір­леймін, қайдан сынақтан өткіземін деген екіұдай үрей тағы бар. Өйткені күн электр стансасына патент алатын кезде дәл осындай қиындықпен бетпе-бет келген едім. Сарапшылардың маған бергені «Алдын ала берілетін патент» деп аталады екен. Яғни ұсыныстың идеясы дұрыс, егер жоба жүзеге асса келешекте жемі­сін беруі мүмкін. Ал өнертабысқа бері­летін патент көрсетілген сызба арқылы толық макет жасалынып, оны тәжрибелік сынақтан өткіз­генде ғана берілуі қажет. Бірақ бұл мәсе­лемен Үкімет бас ауыртпайды. Өнертапқышсың ба, моделіңді толық жасап, сынақтан өткізіп келуге тиіссің. Ал құрылысы кішігірім зауытқа тең энергетикалық модельдің макетін қалай жасап, оны қай жерде сынақтан өткіземін? Оған инвесторды қайдан табамын? Үкімет бұл жағын ескермеген.

Меніңше, Qazpatent-тегі осы жағдай өнертабысқа деген қызы­ғушылықтың жолын бөгеп отыр. Біз­­дегі өнертабыстың дамы­май қа­луының бір себебі де осында жатыр. Осыдан-ақ біздің елде өнер­тап­қыштарға деген қамқорлықтың қандай дәрежеде екенін бағамдауға болады. Әрине, өнертапқыштық – абыройлы әрі жауапты іс. Қазіргі күнделікті қолданып жүрген электр энергиясы, газ, мұнай өн­діру, ұшақ­­тар мен автомобильдердің бәрі ке­зінде осы өнертабыстық ізденудің нә­тижесінде дүниеге келген. Қазір бұ­лар­сыз бір күн де тіршілік ете алмаймыз.

Сондықтан бүгінгі біздегі па­тент­тік қызметтің жұмысына қарап оты­рып өнертапқыштарға берілетін патент пен қолдау мүлде сын көтер­мейтінін айтқым келеді. Қазіргі өнер­тапқыштардың жұмысын баға­лап, олармен дұрыс жұмыс жү­ргізу, ел өнеркәсіптерімен байланыс мүлде ақсап жатыр. Сондықтан бұл жұмыстың бәрін жолға қою үшін өнертабыс орталығын қайта құрылымдау қажет. Ал егер елде мұндай жұмыс жүргізіліп жатса, өз ұсыныстарымды жеткізгім келеді.

Меніңше, өнертабыс жаңалық­тарын қадағалайтын мекеме негізгі үш бөлімнен тұруға тиіс. Бірінші – түскен ұсыныстарды талдау бөлімі. Мұнда мықты физик, химик және биологтер болуы шарт. Мекемеге келіп түскен ұсыныстарды бірінші кезекте осы мамандар қарап шығып көңілге қонымды, елге пайдалы жақсы идея болса оны келесі кон­стру­кциялық бөлімге тапсырып, ал жарамсыз ұсыныстар­дың кемшілігін көрсетіп, арасын ұзатпай иесі­не хат арқылы хабарлауы керек. Екінші – конструкторлық сынақ бөлімі. Мұны кішігірім зауыт ретінде қарастырып, онда токар, дәнекерлеу станоктары мен құрылғылар, сондай-ақ техникалық инженер, мықты электрик, білікті слесарь, дәнекерлеуші және құрастырушылар болуы керек. Сондай-ақ бұл кішігірім зауыт болғандықтан ұсыныс сызба­ларында көрсетілген материалдар­ды іздеп-тауып әзірлейтін тағы екі-үш экспедитер қажет болады. Міне, талдау бөлімінен «сынап көруге болады» деп түскен сызбаларды осы бөлім сынақ макеті үлгісінде жасап көруі керек. Әрі оны осы жерде өздері толық сынақтан өткізіп, алынған сынақ нәтижесімен бірге бұл жұмысты үшінші – ел өнеркәсібімен менеджерлік байланыс бөліміне тапсыруға тиіс. Мұн­да өнертабыстық сынақтарда жақсы нәти­же көрсеткен жобалар дәріптеліп тиісті өнеркәсіптік компанияларға ұсыныс жасалады. Ұсыныстарды дизаиндық үлгіде қайта жасау және сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіледі.

Меніңше, бұл айтылғандарды қолға алу үшін аса көп қаражат та қажет емес. Тіпті мұны әр облыс­тарда ұйымдастыруға да болады. Біз бір орталықтан басқарылып, жұ­мысы жүйеленген осындай па­тенттік орталық ашқанда ғана өнер­тапқыштарға үлкен көмек көрсете аламыз. Ең бастысы, өнертапқыш өзі ойластырған идеясының сынақ макетін қолдан жасап жылдарын жоғалтпайды. Оны жөн деп тапқан патенттік орталық өзі жасап әрі сы­нақтан өткізіп, мәселені аз-ақ күнде ше­шіп бере алады. Сондай-ақ өнер­тапқыш инвестор іздеп сандалмай­ды. Қайта өзі ойластырған идея­сының тез іске асып өндіріске ен­гі­зілгенін көргеннен кейін бұл өнерге деген қызығушылығы артып, одан сайын құлшынып, жаңа идеялар іздей бастайды. Өнертапқыш өнертабысының өндіріске енуі арқылы олардан да қомақты сыйақы алып, тұрмысын да түзей алады. Ең бастысы, ел өнертапқыштарын тіке­лей өндіріспен байланыстыра алаты­н жол ашылып, экономикамыз да жылдам еңсе тіктер еді. Қазіргі дамыған елдердің бәрі де осы жолдан өткен.

 

Бердалы РЫСБЕКОВ,

оқытушы

Түркістан облысы,

Келес ауданы