Егемен Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2023

Әскери журналистика бөлімінің студенттері «Қазақ газеттерінде» қонақта болды

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әскери кафедрасының оқытушысы Әбубәкір Смайыловтың жетекшілігімен аталған оқу орнының әскери журналистика бөлімінің студенттері бүгін «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери журналистика бөлімінің студенттері «Қазақ газеттерінде» қонақта болды

Фото: Ерлан Омар\EQ

Студенттер алдымен «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясын аралап, газет журналистерінің жұмысымен танысты. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет құрамына бірнеше басылым кіретін медиа серіктестіктің жұмысы туралы мағлұмат берді.

Ерлан Омар

Сондай-ақ кездесуге «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Іскендерұлы, бас редактордың орынбасарлары Талғат Батырхан мен Бану Әділжан, интернет-редакция жетекшісі Қуат Әуесбай қатысты.

Басқосу барысында Ғабит Іскендерұлы мен Талғат Батырхан бұрын әскери журналистика саласында азды-көпті қалам тербегендіктерін айта келе, сол кездердегі естеліктерін әңгімелеп берді. Студенттер болса, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып, кәсіби мамандардың кеңесін тыңдады. Газет қызметкерлері жоғары оқу орындарында салалық журналистикаға, оның ішінде әскери журналистикаға мән беріліп жатқанына ризашылық білдіріп, бұл бағытта білім алып жатқан студенттерге сәттілік тіледі.

Әскери кафедра оқытушысы, белгілі журналист Әбубәкір Смайыловтың айтуынша, әскери журналистика бөліміне қабылданған қыз-жігіттер тек журналистика факультетінің ғана емес, әртүрлі факультеттің студенттері екен. 2 курсқа көшкен олар - әскери журналистика бөлімінің алғашқы тобы. Биыл тағы бір топ 1 курсқа қабылданған. Студенттер әскери тарих, оның ішінде әскери журналистика тарихы жайлы оқыған, енді «ақпараттық соғыс», журналистің құқығы сынды тақырыптарды оқып жатыр. Олар келешекте лейтенант шенін алып, запастағы офицер болып шығады, жазуға да машықтанып, әскери газеттерге, бағдарламаларға жұмысқа тұра алады.

Әбубәкір Смайылов кездесу соңында «Қазақ газеттері» ұжымына алғыс айтып, «алдағы уақытта газет редакциясымен ынтымақтастық жалғаса берсін» деп тілек білдірді.

«Кездесу бізге өте пайдалы болды деген ойдамыз, журналистика шеберлерінің қалай жұмыс істейтінін көру - үлкен тәжірибе, көп нәрсе үйрену керектігін түсіндік, алдағы уақытта ақпарат жазу арқылы тәжірибемізді шыңдаймыз», деп студенттер кездесуден алған әсерін бөлісті.

Ерлан Омар