Қоғам • 13 Қыркүйек, 2023

Қазақстанда Мемлекеттік туды қолдану аясы кеңейеді

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Туризм және спорт министрлігі Мемлекеттік туды, елтаңбаны және олардың бейнесін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізетін Үкімет қаулысының жобасын жария етті, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда Мемлекеттік туды қолдану аясы кеңейеді

Фото: https://www.gov.kz/

Жаңа қаулыға сәйкес, Қазақстанда Мемлекеттік туды қолдану аясы кеңейеді.

Мемлекеттік туды мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) саналатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, ұйымдардың ғимараттарында және мекеме басшыларының кабинеттерiнде ұдайы, мектепке дейінгі, жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұдайы және жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде ілуге рұқсат етілді.

Жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде, балкондарда) Мемлекеттік ту көлбеу түрде (45 градустан көп болмауға тиіс) орналастыруға рұқсат етіледі. 

 

Осы тұста Мемлекеттік туды қорлау фактілеріне жататын теріс әрекеттер туралы еске сала кетсек:

  • физикалық түрде залал келтіру (жырту, жағу, өртеу, қасақана жерге тастау, таптау, қоқысқа лақтыру);
  • коллаждар жасау арқылы мемлекеттік туды қорлау, тыйым салынған және мақсатқа сай емес жерлерде пайдалану, әлеуметтік желілерді қоса алғанда Мемлекеттік туды көпшілік алдында мазақ ету, балағаттау.

Құжат 27 қыркүйекке дейін ашық талқылауда болады.