Пікір • 14 Қыркүйек, 2023

Ел экономикасының жаңа парадигмасы

187 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел экономикасының жаңа парадигмасы өндірістің барлық негізгі факторы – еңбек, адам капиталы, ресурстар мен технологиялар әлеуетін тиімді пайдалануға негізделіп отыр. Бұл бастамалар экономика салаларының жұмыс істеу тетігін толығымен өзгертетінін айрықша атап өткен жөн.

Ел экономикасының жаңа парадигмасы

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Атқарушы билік, орталық және өңірлер жүйесіндегі өзара қарым-қатынас логикасы қайта қаралды. Салықтық ынталандырудың, нормативтік және құқықтық реттеудің жаңа шаралары енгізіледі. Жалпы, биылғы Жолдауда жүзден астам түрлі идея мен ұсыныс бар, олар бағыттардың барынша кең спектрін қамтиды және әлеуметтік-экономикалық реформалардың бірыңғай жүйелік кешенінен құрылады.

Шикізатты өз елімізде өңдеуге ба­сым­­дық беріледі. Мемлекет басшысы бағ­­дарламалық арнауында отандық эко­н­о­миканың драйверлерінің бірі ретін­де өңдеу өнеркәсібіне ерекше назар аударды. Жолдауда өнеркәсіптік негіз­ді қалыптастыру кезінде өзіміздің шикі­затты, кадрлар мен тауарларды, басқаша айтқан­да, өзімізде не бар соны барынша пайдалану маңыздылығын айтты.

Айталық, кейбір отандық өндірушілер өзімізде бола тұра шикізатты сырттан алады. Себебі өзімізде қымбатқа түседі немесе басқа да себептері бар. Ол үшін елімізде тиімді нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және ел аумағында өнеркәсіпті оқшаулау үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл тұрғыда қазіргі уақытта негізінен шетелде жүзеге асырылатын табиғи ресурстарды қайта өңдеуді ел аумағында іске асыру – перспективалық шешім. Осылайша, Үкіметтің алдында ғылыми-техникалық базасымен шетелдік компанияларды табиғи қазбаларды қайта өңдеуді ел аумағына көшіруі үшін қолайлы жағдай жасау және ынталандыру міндеті тұр. Мұндай формуланың ел экономикасына тиімділігі орасан. Атап айтқанда, жергілікті халық тұрақ­ты жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына ие болады, шетелдік инвесторлар шикізат логистикасына шығындарды қысқартады, мемлекет үшін салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды. Мемлекет басшысы атап өткендей, олар әлеуметтік саясатқа (жайлы мектептер мен денсаулық сақтау нысандарын салуға) бағытталады. Сонымен бірге мұнда өңдеу өнеркәсібі үшін шикізат­тың жеткілікті көлемін қамтамасыз етуге назар аудару өте маңызды. Өйткені кәсіп­орынның тұрақты жұмысы үшін шикі­затты үздіксіз жеткізу қажет. Бұл мәсе­леде тиімді баға белгілеу маңызды. Өйт­кені теңгерімсіздік немесе басқа кәсіп­орындарға зиян келтіретіндей, кейбі­реулер үшін негізсіз жеңілдікті шарт­тар болмауы керек. Мемлекет басшысы ықтимал шығындарды түсініп, Үкімет жұмысының осы бағытын ерекше атап өтті.

Офтейк келісімдері отандық өндіру­ші­лердің әлеуетін арттырады. Мемлекет басшысы реттелетін сатып алулардағы офтейк-келісімшарттардың үлесін 10%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл отандық бизнеске қандай пайда әкелетініне тоқталсақ. Өндірісі дамыған елдердің бәрінде де офтейкерлер экономикада белсенді қызмет атқарады. Офтейк келісімшартынсыз бизнестің ұзақмерзімді және тиімді дамуын елес­тету қиын. Маңызды жағдайлардың бірі – ұзақмерзімді қаржыландыру жоспары. Офтейк келісімдері белгілі бір жоба шеңберінде өндірілуге тиіс өнімдерді сатып алумен ерекшеленеді. Бұл жобаны, яғни енді өндірілетін өнімді алдын ала қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Осылайша, мемлекет отандық бизнесті жеңілдетілген шарттармен несиелеу тетіктерін қолданбай, қаржыны тікелей құймай, нарықтық тетіктер арқылы қаржыландырады. Бұл жағдайда отандық өндіруші тауарды өндіру үшін капиталды алдын ала алады. Мәселен, ұлттық әл-ауқат қоры түріндегі тапсырыс беруші қажетті тауарды сатып алады. Кейінгі 5 жылда «Самұрық-Қазына» 107,5 млрд теңгеге осындай 389 келісімшарт жасасқан екен. Бұл жалпы сатып алу көлемінен 21 трлн теңгеге айтарлықтай аз екенін көрсетеді. Сондықтан бұл жүйені ұлғайту отандық бизнеске үлкен көмек болары анық. Мемлекет басшысы сонымен бірге 3 жыл ішінде реттелетін сатып алулардағы отандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Бұл мемлекеттің өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейтін отандық бизнес үшін елеулі қолдау көрсету деген сөз. Халықаралық тәжірибеде мұндай көрсеткіштерге қол жеткізудің түрлі әдісі бар. Мәселен, жеңілдетілген шарттар бойынша кредит беру, салықтық преференциялар беру және т.б. Елімізде бұл тетіктер қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғанымен, оны ары қарай дамыту үшін мемлекет отандық бизнес үшін көрсетілетін қолдау көлемін кеңейтуге ниетті.

Жаңартылған энергетика тәуел­діліктен арылтады. Сарапшылардың пікірінше энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қазірдің өзінде күн тәртібінде тұр. Көрші елдерге тәуелді болмас үшін өзіміздің энергетикалық ресурстарымызды пайдалану қажет. Осыған байланысты алдағы бес жылда көлемі кемінде 14 ГБ болатын жаңа энергетикалық қуат енгізіледі. 2023 жылы Екібастұз ГРЭС-1 бірінші блогын қайта жаңарту аяқталып, стансада барлық 8 блок жұмыс істейтін болады. ГРЭС-2 кеңейту жобасы іске асырылуда, ГРЭС-3 құрылысы бойынша жоба бастау жоспары тұр. Осы жұмыс шеңберінде жаңартылған энергия көздерінің дамуына байланысты энергетика саласын басқару бойынша тәсілдерді жетілдіру жос­парланып отыр. Халықаралық сарап­шылардың пікірінше, жаһандық күрделі салымдардың шамамен үштен бірі қазірдің өзінде жаңартылатын энер­гетика жобаларына тиесілі. Бұл мәсе­леде табиғатты қосымша электр энер­гиясын өндіру үшін пайдалануға мүмкіндік бере­тін гидроэлектростансаларды салу мен жаңғыртуға ерекше рөл бе­рілген. «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының базасында да «жасыл» қаржы­ландыруды тарту үшін алаң құрылады.

Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы стандарттарын ескере отырып, экономиканың барлық секторлары­ның қолданыстағы энергия тиімділігі саясатын, оның ішінде ресурс үнем­деу жөніндегі нормативтік талаптарды енгізу жолымен қайта қарау жүзеге асырылмақ. Осыған байланысты нормативтен тыс тұтыну кезінде жоғары тариф белгілей отырып, жаңа тарифтік саясатты әзірлеу басталды. Мәселен, 2029 жылға қарай өнеркәсіпте энергия сыйымдылығын – 15, энергетика секторында 10 пайызға төмендету, бір аудан бірлігіне энергия тұтынуды – 15, жан басына шаққандағы энергияны тұтынуды 10 пайызға қысқарту жоспарланып отыр.

Судың да сұрауы бар. Су тапшылығы биыл елдің оңтүстік өңірлеріндегі фермерлерді көп шығынға батырды. Су ресурстарын жылына 40 мыңнан 150 мың гектарға дейін сақтауды ұлғайтуға мүмкіндік беретін озық су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Мұндай тәсіл елімізге су байлығын мақсатты пайдалана отырып, одан әрі ұқыпты қарауға мүмкіндік береді. Электр, жылу және су – жайлы өмір сүру үшін ең қажетті негізгі тауар. Олар­ды үнемдеу еліміздегі негізгі жаңа тұрмыс­тық мәдениетке айналады.

Бұл ретте барлық табиғи монополия субъектілері үшін 5-7 жыл мерзімге тең нарықтық тарифтер енгізіледі. Кепілдендірілген ұзақмерзімді тариф инвестицияларды жоспарлауға мүмкіндік береді және несие қаражатын тарту кезінде «берік» кепіл болады. Осыған сүйене отырып, монополистердің жауап­керші­лігі едәуір артады. Цифрлық бақы­лау құралдары енгізіледі, азаматтардың тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындау жөніндегі ақпаратқа қолжетімділігі кеңейтіледі.

Жайлы инфрақұрылым бизнестің дамуына серпін береді. Қазіргі уақытта объективті себептер бойынша жүк тасымалдаудың солтүстік бағыты жабылды, бұл елдің көлік-логистикалық әлеуетін құрлық инфрақұрылымы арқылы жүк тасымалдарын ұлғайту үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақсатта «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» сияқты бірқатар ірі теміржол жобасы іске асырылып келеді. Сонымен қатар «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің теміржол желісінің өткізу қабілеттілігі екі есеге артады деп жоспарланып отыр. Ол жылына 13 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін артуы мүмкін. Көлік-логистикалық әлеуетті пайдаланудың тағы бір тиімділігі – экономиканы әртараптандыру. Еліміз бай ауыл шаруашылығы және минералдық ресурстарға ие, бұл өнеркәсіптің жаңа салаларын тарта алады және тауарларды тасымалдау үшін инфрақұрылымды дамыту жолымен кәсіпкерлікті ынталандырады. Дұрыс құрылған логистика жүйесінің бонустары – әсіресе жұмыспен қамту мүмкіндігі шектеулі ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құру, бизнесті жүргізуге жұмсалатын шығындарды азайту, шетелдік инвестицияларды ұлғайту және экспортты ынталандыру.

Креативті индустрия орталықтары. Қазір бұл орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында шоғырланған. Осы орайда, Мемлекет басшысы өңірлер үшін де тиісті жағдайлар жасау қажет­тігін атап өтті. Бұл – өте орынды бас­тама. Жаңа инфрақұрылымды құру шеңберінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада креативті индустрия орта­лық­тарын құру жоспарланып отыр. Бұл орта­лықтың басты мақсаты – қатысушыларға коммерцияландыруға, яғни өз өнімін нарыққа шығаруға көмектесу, ал өнім авторлары көбінесе өз ұсыныстарын жүзеге асыруда қиындықтарға тап болатыны рас. Осы тұрғыда кез келген азаматтың ақыл-ой еңбегін мемлекет заңмен қорғауға тиіс. Зияткерлік меншік құқығын қорғауды жетілдіру арқылы авторларды жаңа өнімдер, әдеби немесе ғылыми шығармалар жасауға ынталандырамыз. Бұл тәжірибе әлемнің барлық дамыған елінде бар.

Креативті индустрия зияткерлік еңбек формаларының кең спектрін қамтиды: медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологиялар саласы. Бұл – ХХІ ғасырдағы өсу нүктесі. Бірақ креативті индустрияның ІЖӨ-ге қосқан үлесі 1%-ға жетпейді және оның жұмыспен қамту құрылымындағы үлесі де өте төмен. Сонымен қатар әлемде креативті экономика енді ғана нығайып келеді: БҰҰ 2021 жылды Халықаралық креативті экономика жылы деп жариялады, 2022 жылы әлемдегі креативті индустриялар нарығының көлемі шамамен 104,2 млрд долларды құрады, ал капиталдандыру 2 трлн доллардан асты. Бұл ретте жыл сайын сектор айналымы 15 пайызға өседі. Сондықтан Президент өсудің барлық қажетті жағдайын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте Астана мен Алматы ғана емес, барлық өңір де дамиды. Бұл үшін Президент «Astana Hub» сияқты, облыстық инфрақұры­лым орталықтарындағы нақты сектормен тығыз үйлестіре отырып, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында біртұтас инновациялық экожүйе құруды тапсырды. Онда креативті бизнестің жаңа өкілдері өз ісін одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.

 

Айгүл ҚАПБАРОВА,

Сенат депутаты