Қоғам • 19 Қыркүйек, 2023

Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев алдағы жылу беру маусымына дайындық қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?

Фото: ашық дереккөз

«Алдағы жылу маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында министрлік коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй нысандарының дайындығын сондай-ақ білім беру нысандарының дайындығын бақылауға алды. Оқу жылы басталғанға дейін, яғни 1 қыркүйекке дейін барлық білім беру нысандары жылыту маусымына дайын болуы керек еді. Облыс әкімдіктері таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгінде білім беру нысандарының дайындығы 99,6 пайызды құрап отыр», деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 8 облыстағы 42 білім беру нысанында әлі де жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 24 нысан күрделі жөндеуден өтті. Қалған нысандар бойынша жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ.

Денсаулық сақтау нысандары бойынша дайындық 98,9 пайызды құрады (жоспар – 5607, нақты – 5545). 9 облыстағы 62 учаскеде жұмыс жалғасып жатыр. Жылыту маусымына дайын емес нысандардың көбі Абай облысында (28), Ақтөбе (12) және Атырау (6) облыстарында байқалады.

«Тұрғын үй кешеніне келетін болсақ, 47 мың тұрғын үйде дайындық жұмыстары аяқталды. Бұл жүргізілген жұмыстың 94 пайызын құрайды (жоспар – 50 085). 3 мыңға жуық тұрғын үй (2993) күзгі-қысқы кезеңге әлі дайын емес. Дайындықтың төмен көрсеткіші Маңғыстау облысында (891 тұрғын үй), Шымкент (478 тұрғын үй) және Алматы (331 тұрғын үй) қалаларында байқалады», деді Қанат Шарлапаев.

Министр биылғы жылдың қыркүйек айының соңына дейін инженерлік инфрақұрылымды жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін атап өтті. Жалпы республика бойынша барлық қаржыландыру көздерін пайдалана отырып, 573 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 498 шақырым немесе жоспардың 86,8 пайызы орындалды. 

Осы жылы 133 шақырым жылу желілерін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 109,5 млрд теңге бөлінді (оның ішінде нысаналы трансферттер – 72,4 млрд теңге, Үкімет резерві – 36,2 млрд теңге, бюджеттік несие – 0,9 млрд теңге).

«Бүгінгі күні жұмыс 78 пайызға орындалды, яғни 103 шақырым жылу желілері тартылды. Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстарының қарқыны төмен және уақытында аяқталмай қалатын 10 проблемалық аумақ бар. Маңғыстау облысына 2 жобаны жүзеге асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді (1 жоба іске асырылуда). Бүгінгі таңда 5,1 шақырымдық жоспармен 100 метр ғана төселді. Құбыр өнімдерінің қажетті көлемі жоқ (жеткізу мерзімі 20 қыркүйек). Солтүстік Қазақстан облысында да жағдай осындай, Петропавл қаласында 1 жоба (өтпелі) бойынша 1,3 км жоспармен 200 метр төселді (жеткізу мерзімі 30 қыркүйек). Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Қызылорда облыстарында 2 жоба, сондай-ақ Шымкентте бір жоба бойынша орындалу 70 пайыздан төмен», деп түсіндірді Қ.Шарлапаев.

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрі жоғарыда аталған жобалар бойынша жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталмай қалу қаупі жоғары екенін айтты. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар жобаларды аяқтау үшін жедел түрде тиімді шаралар қабылдауы қажет.