Спорт • 21 Қыркүйек, 2023

Топтық кезеңде көш бастады

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының элиталы кезеңіндегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Бір апта бұрын жерлестеріміз сырт алаңда Нидерланд құрамасынан басым түссе (2:0), бұл жолы А тобының турнир кестесінде біздің жігіттермен иық тірестіріп келе жатқан Румыния футзалшыларының мысын басты – 4:3.

Топтық кезеңде көш бастады

Элиталы кезеңнің алғашқы турында Румыния өз алаңында Әзер­байжан құрамасын қабылдап, қарсыластарын 3:1 есебімен тізе бүктірген соң, турнир кестесінде гол санының көрсеткіші бойын­ша Қазақстан құрамасының алдын орап кеткен еді. Бірақ ру­мы­ниялық футзалшылардың да, жан­күйерлердің де топтық сайыста төрге оздық деген қуаныштары көпке созылған жоқ. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өткен тартысты ойында Рикардо Кака шәкірттерінің бағы жанып, қарсыластарын турнир кестесінде екінші орынға сыр­ғытты.

 Төрт мыңға жуық жанкүйер тамашалаған Қазақстан – Румы­ния матчының бірінші таймында жерлестеріміз қарсыластар қақ­пасын төрт мәрте дәл көздеп, спорт кешеніне жиналған жұрт­тың еңсесін көтеріп тастады. Ойын­ның небәрі екінші минутында Дуглас Жуниор өзі бастаған шабуылды әдемі голмен түйіндесе, арада көп уақыт өтпей Альберт Ақ­балықов мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Ал бәсекенің 16-минутында Эдсон қарсыластың екі бірдей қорғаушысын қапы қалдырып, Қазақстан құрамасының үшінші голын соқты. Бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда былтырғы Еуропа чем­пионатының үздік сұрмергені атанған Біржан Оразов Эдсонның пасынан кейін таблодағы көр­сеткішті 4:0-ге жеткізді. Алғашқы 20 минутта қонақтар сапынан Маня Саболич мергендік танытты.

Бірінші таймдағы басым­дықтан кейін біздің жігіттер екін­ші таймды аса сақтықпен бас­­тап, шабуылға көп шыға қой­ған жоқ. Өйткені таблодағы көр­сеткіш біздің құрама үшін қа­нағат­танарлық нәтижені көрсетіп тұрған еді. Есесіне Румыния фут­зал­шылары ойын тізгінін өз қол­дарына алуға тырысып, бел­сенді шабуыл ұйымдастыра бастады. Алғашқы 10 минутта қарсыластарымыз тынымсыз шабуылдарынан ештеңе өн­діре алған жоқ. Тек екінші таймның бел ортасынан асқанда ғана Игита қорғаған қақпадан са­ңылау таба білді. 32-минутта Андре Луи Сассе гол соқса, 36-минутта Манья дубльдің авторы атанды. Қоры­тынды есеп – 4:3. Осылайша, ел құ­рамасы топтық кезеңдегі екін­ші ойынында да жеңіске жетіп, алты ұпаймен А тобында жеке-дара көш бастады. Бір жеңіс, бір жеңілісі бар Румыния құрамасы екінші орынға сырғыды.

Ал біздің топта қатар өткен екін­­­ші матчта Әзербайжан ұлт­тық құ­рамасы өз алаңында Нидер­ланд­­ты қабылдады. Бакуде өткен бә­се­кеде алаң қожайындары қарсы­лас­тарына бет қаратқан жоқ – 6:1. Бұл ойында Әзербайжан сапынан Рафаэль Ви­лела мен Фи­липиньо дубльдің авторы атанса, Галло мен Манека бір-бір гол­мен көзге түс­ті. Ал Нидерланд құ­ра­­масының жал­ғыз голын Илиас Бу­зит соқты.

Енді Рикардо Кака шәкірттері келесі кездесуін 6 қазан күні сырт алаңда Әзербайжан құрамасымен өткізсе, бес күннен кейін әзербай­жан­дық футзалшыларды өз ала­ңын­да қабылдайды.

Элиталы кезеңнің ережесі бо­йын­ша келесі жылғы әлем чем­пио­натының финалдық кезе­ңіне әр топтың жеңімпаздары ті­келей жол­дама алса, екінші орын алған ең үздік төрт құрама қалған екі жолдаманы сарапқа салады. Ірік­теу матч­тары осы жылдың жел­тоқсан айында мәресіне жетсе, електік матчтар 2024 жылдың 8-17 сәуір күндеріне жос­парланған. Ал Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте әлем чемпионаты 16 қыркүйек пен 6 қазан аралығында ұйымдастырылады.