Тағайындау • 22 Қыркүйек, 2023

Болат Тілеп жаңа қызметке тағайындалды

3508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болат Тілеп Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Болат Тілеп жаңа қызметке тағайындалды

Фото Болат Тілептің Facebook парақшасынан алынды

«Құрметті Абай университетінің ұжымы! Қадірменді достар! Қазақ білімінің қара шаңырағы атанған, 95 жылдық тарихы бар тұңғыш жоғары оқу орнымызда ректорлық қызметімді бастадым. Мен үшін Қазақстандағы педагог кадрларын даярлауда маңызды рөл атқаратын жоғары оқу орнын басқару үлкен абырой және жауапкершілік. Университетіміз тамыры терең, бай тарихы бар және Қазақстан мен бүкіл әлем үшін білім мен мәдени құндылықтардың сенімді көзі болып табылады.

Абай атындағы ҚазҰПУ 1928 жылы құрылып, содан бері отандық білімнің флагманы болып қалыптасты. Университет қабырғасында еңбек етіп, ел тарихында өшпес із қалдырған қазақ халқының көрнекті ұстаздары: Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Баймен Алманов, Ахмет Байтұрсынов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов сынды тұлғалардың еңбегін атап өтпеске болмайды. Бұл ұлы тұлғалар Қазақстанда білім, ғылым мен мәдениеттің дамуына жан-жақты ықпал етті және олардың мұрасы барлығымыз үшін аманат болып қала береді», деп жазды Болат Тілеп Facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол заманауи және дәстүрлі білімді ұштастыратын жаңа формациядағы ұстаздарды қалыптастыру басты міндет екенін айтты.

− «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұжым болып университетімізді армандар орындалатын және керемет нәтижелерге қол жеткізетін оқу ордасына айналдырайық. Ең бастысы, бізде кез келген кедергілерді бірге еңсеруге болатын мықты кадрлар бар. Мен өз кезегімде ұжыммен бірге университетімізді одан әрі дамытып, киелі қара шаңырағымыздың даңқты тарихын жалғастыруға бар күш-жігерімді саламын. Ел болашағы Қазақстанның жетекші педагогикалық университетіне байланысты, өйткені ол жас ұрпақтың дамуына жауапты мамандар даярлайды, − делінген жазбада.