Қоғам • 23 Қыркүйек, 2023

Президент Телерадиокешені мен MNU ынтымақтастығы: Астанада Халықаралық журналистика мектебі ашылды

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Maqsut Narikbayev University-де Халықаралық журналистика мектебі ашылды, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Президент Телерадиокешені мен MNU ынтымақтастығы: Астанада Халықаралық журналистика мектебі ашылды

http://kazguu.kz/

Салтанатты шараға Президенттің Кеңесшісі - Баспасөз хатшысы Берік Уәли, ҚР Президентінің Телерадиокешені Бас директоры Раушан Қажыбаева, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм, сондай-ақ бірнеше мемлекеттердің елшілері мен өкілдері қатысты.

Халықаралық журналистика мектебі жобасы - Қазақстандық БАҚ үшін шығармашылық және техникалық мамандарды даярлау мақсатында ҚР Президенті ТРК-мен бірге жүзеге асырылды.  

Халықаралық мектептің алғашқы оқу жылына 201 студент қабылданып, оның 20-сы Президент ТРК мен «Dara» Президенттік бастамалар қорының грантына ие болды.

хал жур2

«Қазіргі ашылып отырған Халықаралық журналистика мектебі – студенттерге осы салада үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Өйткені 70 пайызы ағылшын, 30 пайызы қазақ және орыс тілдерінде оқытылады екен. Жалпы бұл халықаралық деңгейде білім алып, көкжиек кеңейтетін мықты жоба. Осындай ауқымдағы, журналистика бағытындағы факультет Қазақстанда тұңғыш рет ашылып жатыр. Осы жерден шыққан мамандар кейінгі буынға үлкен бір мектеп қалыптастыратынына сенімдімін», деді ҚР Президентінің Кеңесшісі - Баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Оқыту жеке пәндер бойынша қазақ және орыс тілдерінің элементтерімен ағылшын тілінде өтеді. Болашақ журналистерге арналған оқу бағдарламасы Columbia University, Berkeley University, Princeton University, City University of London университеттерінде қолданылатын үздік әлемдік тәжірибе негізінде әзірленген. Жаңа мектептің білім беру бағдарламасында БАҚ-тағы соңғы тенденцияларына сай журналистиканың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеруге ерекше мән берілген.

Студенттерге тәжірибе алу мүмкіндігін Президент ТРК-не қарасты «Jibek Joly» телеарнасы, «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігі және «Деректі фильмдер орталығы» ұсынып отыр.

«Бүкіл әлем бастан кешіп жатқан қарқынды өзгерістер кәсіби журналистикаға уақыт өткен сайын қатаң талаптар қоюда. Сіздер үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеп, талдап, тексеріп, сыни тұрғыдан түсіне білулеріңіз керек. Сонымен қатар қазіргі заманғы БАҚ мультимедиялық сипатқа ие болды. Біз жаңа буын журналистеріне, болашақ әріптестерімізге өзекті білім мен дағдыларды әртүрлі форматта жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек», деді ҚР Президенті ТРК-нің Бас директоры Раушан Қажыбаева.

Сонымен қатар студенттерге Columbia University, University of Cambridge, New York Film Academy, Mississippi Valley State University және Michigan State University USA түлектері дәріс оқиды.

«Ең алдымен, университетімізге сенім артып, қолдау көрсеткен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен алғысымды білдіремін. Біз халық пен қоғам алдындағы терең жауапкершілікті түсінеміз. Сондықтан да осы журналистика саласындағы кәсіби мамандарды даярлау үшін бар күш-жігерімізді салатын боламыз», деді Maqsut Narikbayev University Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.

ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Maqsut Narikbayev University-дің бірлесіп жасаған Халықаралық журналистика мектебі - дарынды жастарды қолдау мен кәсібилікті шыңдауға арналған, оған қоса қоғам мен мемлекеттің заманауи коммуникативті қажеттіліктеріне жауап беретін журналистік корпусты қалыптастыруға арналған тұңғыш жоба.