Футбол • 24 Қыркүйек, 2023

«Астана» қашан еңсе көтереді?

151 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ала допқа әуесі ауған футбол жанкүйерлері асыға күткен Еуропадағы клубтық деңгейдегі ең ірі үш турнирдің топтық кезеңдегі ойындары басталды. Жыл сайын Еурокубогтің күзгі маусымында доп тебуді әдетке айналдырған еліміздің командалары бұл жолы білгенінен жаңылған жоқ. Былтыр ел біріншілігінде үздік шыққан елорданың «Астанасы» биыл Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

«Астана» қашан еңсе көтереді?

Бұған дейін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық сайыстарында бақ сынап, Қарт құрлықтың адуынды командала­рына азуын батырып үлгерген «Астана» араға үш салып қайтадан Еурокубок бәсекелерінің топтық кезеңіне оралды. Елордалық ұжым бұл жолы бірер жыл бұрын ғана тұсауы кесілген Конференция лигасында бақ сынамақ. Бірақ жерлестеріміздің бұл лигада ал­ғашқы қадамы аса сәтті баста­ла қойған жоқ. С тобында Хор­ва­тияның «Динамо Загреб», Чехия­ның «Виктория» және Косово­ның «Балкани» командаларымен сынға түсетін «Астана» алғаш­қы турда «Динамомен» кездесіп, 5:1 есебімен ойсырай жеңілді.

Отандық маман Григорий Ба­баян жаттықтыратын елордалық клуб Хорватияның командасымен биылдыққа осымен үшінші мәрте, ал жалпы бес рет жасыл алаңда жолығып, барлығында да қарсыластарына жол берді. Ең өкініштісі, кейінгі үш матчтың есе­бін қоса есептегенде «Астана» «Шақпақ жейделі» елдің даңқ­ты командасынан жалпы есепте 11:1 есебімен тас-талқаны шығып же­ңілді. «Астана» алғаш рет Чем­пиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңымызда 2:0 есе­бімен жеңілсе, Загребтегі ойында 4:0 нәтижесімен жерлестеріміз жа­нарымен жер шұқып қайтты. Осы ойындардан қорытынды шы­ғара алмаған Григорий Бабаян шәкірттері бұл жолы сырт алаң­да тағы да масқара болып же­ңілді. Кейінгі жылдардағы ұлт­тық құрамамыздың тәуір ойыны­нан кейін Еуропада еліміздің бет бейнесіне айналып үлгерген «Ас­тана» клубының күреуі жан­кү­йерлердің ызасын туғызғаны анық.

Осыдан бірер ай бұрын ғана өткен кездесулерде «Динамо» сапында Хорватия құрамасының негізгі қақпашысы Доминик Ли­вакович, «Астана» қақпасына бір емес, үш гол соққан Лука Иванушеч, тасқамал қорғаушы Йосип Сутало және тағы басқа негізгі құрамда ойнаған мықты футболшылар командадан кетіп қалса да, олардың орны ойсырап қалған жоқ, қайта күшейе түскенін кешегі матчтың есебі айтып тұр. Ал осы уақыт аралығында «Астананың» ойыны кері кетіп бара жатқандай.

Загребтің «Максимир» стадио­нында өткен екі ұжым арасын­да­ғы кездесудің алғашқы бөлігін­де елордалықтар бір гол өткізіп алса да, жаман ойын көрсеткен жоқ еді. Алайда екінші таймда «Астана» футболшылары алаңда не үшін жүргендерін ұмытып қалса керек, әйтеуір өз қақпаларына бақандай төрт гол өткізіп алды. Динамолықтар алғашқы екі голын пенальтиден соқса, қалған үш тобын ойын жағдайында біздің қақпаға енгізді. Атап айтқанда, кездесудің 43-ші және 53-минутында Бруно Петкович 11 метр­лік айып добынан мүлт кетпесе, 58-минутта Марко Булат, 85-ші минутта Антонио Марин және матч аяқталар тұста, екін­ші таймда алаңға шыққан Тибор Халилович мергендігімен көзге түсті. Ал «Астана» сапынан жалғыз жұбаныш голын матчтың 78-минутында қорғаушы Камо Оганесян соқты. Қорытынды есеп – 5:1.

Бұл жеңілістен кейін «Астана» клубының жанкүйерлері әлеуметтік желілерде бас бапкер Григорий Бабаянның жұмысына көңілдері толмайтынын және оның өз еркімен отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Г.Бабаян болса, матчқа дейінгі және матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында да «Динамоның» жо­ғары деңгейдегі қарсылас екенін, олар Конференция лигасында емес Еуропа лигасында ойнау­ға лайық ұжым екенін айтудан жалық­қан жоқ. Ал «Астана» ше, мұндай ­ойынымен Конференция лигасында ойнауға лайық па?

Конференция лигасының бірін­ші тур ойындарынан ке­йін С тобында «Динамо» мен «Виктория» командалары үш ұпаймен көш бастады. Чехия командасы алғашқы турда Ко­сованың «Балкани» командасын өз алаңында 1:0 есебімен тізе бүктірді. Елордалықтар екінші турда өз алаңында Чехияның «Вик­тория» клубын қабылдайды. Кез­десу 5 қазанға жоспарланған.

Сондай-ақ ұлттық құрама­мы­з­­дың көшбасшы футболшысы Бақ­тиер Зайнутдинов өнер көр­сететін Түркияның «Бешикташ» клубы да Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы тур ойынын сырт алаңда Бельгия­ның «Генк» командасымен өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Жерлесіміз бұл ойында алаңға екінші таймда қо­сал­қы құрамнан шықты.