Президент • 25 Қыркүйек, 2023

Президент: Еуразиялық Одақтың экономикалық әлеуеті зор

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақорда ғимаратында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшыларымен кездесуі өтті. Қазақстан Президенті үкіметтер басшыларына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мол әлеуетке ие екенін айтып, елдер арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында барлық мүмкіндікті белсенді пайдалану қажет екенін алға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Еуразиялық Одақтың экономикалық әлеуеті зор

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Бұл Одақ өте перспективті интеграциялық ұйым деп санаймыз. Одақтың экономикалық әлеуетінің мүмкіндіктері зор. Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бәрі осы жерде 2015 жылы қол қойылған шартты қатаң сақтап, тек экономикалық интеграция, сауда-саттықты дамыту, өзара тауар алмасу бағытында ғана елдеріміздің нарығын ашу мәселелерімен айналысуға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік-транзит әлеуетін ашумен тікелей байланысты, сондықтан көлік қатынастарының мүмкіндіктерін дәйекті түрде дамыту керек деп санайды.

Президент Иранға, Парсы шығанағына және Үндістанға шығуға мүмкіндік беретін Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізінің, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолының, Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытының мүмкіндіктері жөнінде айтты. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне баса мән берді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өнеркәсіп саласындағы ықпалдастығын дамыту маңызды екеніне тоқталды.

Сондай-ақ биыл мамыр айында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру кезінде кооперацияға қаржылай көмек көрсету туралы құжатқа қол қойылғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл механизм бірлескен жаңа өндіріс орындарын ашуға тың серпін береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев көрмені ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны үшін үкіметтер басшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ олардың жұмысына табыс, ал елдердің игілігіне қызмет ететін жаңа бірлескен жобалардың көбеюіне тілектестік білдірді.