Өнер • 25 Қыркүйек, 2023

Алматыда Болат Аюхановқа арналған көрме ашылды

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде  қазақ балет өнерінің хас шебері, педагог, балетмейстер Болат Аюхановтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Менің балетім» атты көрме ашылды.

Алматыда Болат Аюхановқа арналған көрме ашылды

Ел көлемінде аталып жатқан Еңбек күні аясында есік ашқан көрме таңғажайып талант иесінің өмір белестерінен, шығармашылық жолынан хабар береді. Көрменің ашылу салтанатына қатысқан қонақтар Аюхановтың өмірінен сыр шертетін әр жылдардағы фотоматериалдармен, өнер иесінің тіршілігінде тұтынған заттарымен, марапаттары және ғылыми еңбектерімен танысты.

Көрме экспозициясының елеулі бөлігіне бишінің түрлі қойылымдарда киген сахналық костюмдері қойылған. Олардың қатарында Болат Аюхановтың ұстазы, Қазақ КСР халық әртісі А.В. Селезневқа тиесілі болған, кейіннен Б. Аюхановқа сыйға берілген сахналық киім келушілердің зор қызығушылығын тудырары сөзсіз. Сондай-ақ, «Жас балет» театрында Куба биіне арнайы тігілген костюм (1965 ж.), Ян Сибелиустың музыкасына жазылған «Мұңлы вальс» классикалық биіне киген калетасы және «Гамлет» балетіндегі өзінің сүйікті партиясын орындағанда киген костюмі де көрме төрінен орын алған.

Айтулы шараны ашқан Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова тағдыр берген талантын ел мәдениетін өркендетуге арнаған айтулы тұлғаның айшықты мұралары кейінгі ұрпақ үшін өлмес өнеге екенін атады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Еңбек күні ерекше мәнде аталып өтті. Еңбек адамдары қай кезде де қоғамды алға сүйрейтін қуатты күш. Еңбек адамдары қай кезде де сүйкімді. Осыны алға ұстаған Президентіміз: «Адал азаматқа тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал, жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек» деген болатын. Ұлт мәдениетіне адал еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Болат Ғазизұлы шын мәнінде халқымыздың мақтанышы. Бүгінгі көрме бір жағынан ғажайып өнер иесінің ғибратты жолын үлгі етуге арналса, екінші жағынан еңбек адамына құрмет ретінде ұйымдастырылып отыр», дейді Рашида Харипова.

Көрме Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы Болат Аюхановтың жеке кешенінен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық  би театрынан алынған материалдар негізінде жасақталған.  А.Октябрь.

Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген. 1955 ж. Алматы хореография училищесін, 1964 ж.  А.В. Луначарский атындағы Мәскеу театр өнері институтының балетмейстерлік факультетін тәмамдаған.  Алғашқы еңбек жолын 1957 ж. Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет әртісі болып бастаған. 1964 ж. бастап Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балетмейстер, 1965 жылдан «Қазақконцерт» екі актерлі Театрының балет солисі, ал 1967 жылдан «Қазақконцерт» жанындағы Алматы Жастар балеті көркемдік жетекшісі, балет солисі болды. 1975 ж. Қазақстан классикалық би Ансамблінің көркемдік жетекшісі, кейіннен директоры қызметін атқарды. 1991 ж. Қазақ мемлекеттік классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі,  2003 жылдан өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының директоры болды.


АЛМАТЫ