Тұлға • 25 Қыркүйек, 2023

Әлеуметтану абызы

506 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері еліміз елеулі де маңызды әлеуметтік өзгерістерді бастан өткізіп келеді. Қоғам алдында бір жағынан тәуелсіздіктің салмағы басым болса, екінші жағынан жетпіс жылдай тұрақтап қалған әлеуметтік қатынастар мен байланыстар, ұстанымдар қайта жаңғыртуды қажет етті. Қазақстанда әлеуметтану ғылым және оқу пәні, мамандық ретінде қалыптасуы ресми түрде 1988 жылдан бастау алып, қазір әлеуметтік ғылымдар арасында, қоғамдық үдерістерді реттеуде нақты мәртебеге ие. Елдегі әлеуметтану ғылымын қалыптастырып-дамытуға әлеуметтік ғылымдар докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының құрметті ардагері, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының вице-президенті Кеңес Биекенов айрықша еңбек сіңірді.

Әлеуметтану абызы

Кеңес Үмбетжанұлы 1933 жылы 26 қыркүйекте Ақтөбе облысының Шал­қар қаласында дүниеге келген. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетін және 1968 жылы СОКП Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Уни­верситетті тәмамдағаннан кейін Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің, одан кейін Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1968 жылы Мәс­кеу қоғамдық ғылымдар академия­сында белгілі ғалым, сол кездегі Кеңес одағы ғылым академиясының ака­демигі В.Г.Афанасьевтің жетекші­лігімен «Жұмысшылардың саяси санасын қалыптастырудағы өндірістік коллективтің рөлі» деген тақырыпта фи­лософия ғылымынан кан­дидаттық диссертация, кейінірек «Бас­шының сая­си мәдениетін мето­дологиялық және социологиялық талдау» деген тақырыпта социология ма­мандығынан докторлық диссертация қорғады. Одан кейін Ақтөбе медицина институтында, Алматы сая­саттану және басқару институтында, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау инс­титутында, Әл-Фараби атын­дағы Қ­азақ ұлттық университетінде қызмет атқарды.

Көрнекті ғалым 1993 жылдан Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің Философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану және әлеу­меттік жұмыс кафедрасының іргетасын қаласты. Қазақстан әлеуметтануы мек­тептерінің дамуына белсенді атсалысып келеді. Ғалымның басшылығымен оқу үдерісін әдістемелік қамтамасыз ету бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Әлеуметтану маман­дығының мемлекеттік стандарттары, әлеуметтану пәнінің негізгі курстарының типтік бағдарламалары жа­салды. Ғалымның ұсынысымен әрі басшылығымен кафедра тұрақты түрде республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференция­ларды ұйымдастыруға ұйытқысы болды. Ел әлеуметтанушыларын біріктіретін кәсіби ұйым құрумен сипатталатын 2002 жылы өткен тұңғыш Қазақстан әлеуметтанушыларының кон­гресін ұйымдастырып, өткізуде де көп еңбек сіңірді. Бұл конгресс ел әлеу­мет­тануының дамуының жаңа ке­зе­ңін бастады. Осылайша, ұлттық уни­верситеттің Философия және сая­саттану факультетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы әлеу­меттанушылар қауымы мойындаған ғы­лыми және ғылыми-әдістемелік орталыққа айналды.

Әлеуметтану саласында маман даяр­лауда, ғылыми мамандарды қалып­тастыруда, докторантура жүйесін ұйым­дастыруда елеулі қызмет атқарды. «Мә­­дени мұра» бағдарламасы аясында «Әлем­дік әлеу­меттану антологиясы» 10 томдығының дайындалуы мен басылуы­н үйлестірді. Ол – Қазақстан социо­логтерінің I-IV конгрестерін өт­кізуді, қауымдастықтың Алматыдағы, Түр­кістандағы, Өскемендегі, Ақтөбедегі мектептерін ұйымдастырушылардың бірі. Әлеуметтану және әлеуметтік жұ­мыс мамандықтарының мемлекеттік стан­дарттарын жасау және осы ма­ман­дықтардың қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытындағы үздіксіз қызмет те ғалымның басты ұстанымы болды. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің Философия және саясаттану факультетінің жанынан «Әлеу­меттік жұмыс» мамандығын ашу да Кеңес Үмбетжанұлының табандылығымен байланысты.

Ол қазақ тілінің мәртебесін көте­ру, қазақ тілінде әлеуметтану саласынан оқулықтар мен оқу құ­ралдарын жазу ісіне де сүбелі үлес қосты. Кеңес Үмбет­жанұлы әлеуметтану ғы­лымының жаңа салаларының қа­лыптасуына ұйытқы болды. Әсіресе әлеуметтік модернизация, тілдің әлеу­меттік мәртебесі, әлеуметтік үдерістерді басқару, үлгілеу және болжау бағыттарынан жазған еңбектерінің маңызы айрықша.

К.Биекенов 2005 жылы «Жоғары оқу орындарының озық оқытушысы» грантын иеленді. Грант шеңберіндегі жеткен жетістіктері оның осы кезге дейінгі әлеу­мет­танулық ізденістерін терең­дету­ге мүмкіндік берді. Ғалымның 400-ге жуық мақаласы мен 10 моногра­фиясы, 7 оқу­лығы мен оқу құралы, социо­логиялық сөз­дігі – әлеу­меттану ғылы­мының елеулі белесі.

Әлеуметтану саласында оқытудың амал-тәсілдерін, ерекшеліктерін қарас­ты­ратын К.Биекеновтің алғашқы еңбегі – 2003 жылы жарық көрген «Әлеуметтануды оқыту әдістері» атты оқу құралы. Бұл еңбекте қазіргі іргелі және қолданбалы әлеуметтануды оқыту мәселелері, әлеу­меттанудың оқу пәні ретінде оқыту әдістері кеңінен қа­растырылған. Жоғары оқу орындарында білім беру тәсілдері әлі де болса толық негізделіп болмағанын ескерсек, әлеуметтануды оқыту ерекшеліктері осы ең­бекте ашып көрсетілгенін атап өту керек.

2005 жылы әлеуметтану ғылым­дарының докторы, профессор М.М.Тә­жиннің жалпы редакциялық бас­шы­лығымен Білім және ғылым министрлігі бекіткен жоғары оқу орны студенттеріне арналған екі томдық «Әлеуметтану» оқулығының жарық көруінің басы-қасында болып, басшылық жасаған да – профессор К.Биекенов. Бұл оқулық – әлеу­меттану курсы бойынша әлеуметтік мәселелерді шетелдік және отандық әде­биеттегі кең ауқымды теориялық ма­те­риалдар негізінде тұжырымдау, жүйе­леу әрекеті жасалған алғашқы іргелі оқу­лықтардың бірі.

Кеңес Үмбетжанұлы 2006-2009 жыл­дары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағарламасының «Әлеу­меттану» секциясын басқарып, «Әлемдік әлеуметтану антологиясының» он то­­мының жарыққа шығуына зор ең­бек сіңірді. Аталған еңбектің нәти­же­сінде әлеуметтану теория­сы клас­сиктерінің еңбектері қазақ тіліне аударылып, әлеуметтанушы студенттердің қолдан түспес оқулықтарына айналды. Әлі де болса әлеуметтану ғылымы бойынша қазақ тілінде жазылған оқу­лықтардың, оқу құралдарының, ғылыми еңбектердің аздығын ескерсек, «Әлемдік әлеуметтану анто­логия­сы» осы олқылықты жою жо­лын­дағы елеулі қадамдардың бірі бол­ды. Антологияда АҚШ, Батыс, Ре­сей әлеуметтанушыларының әлеу­мет­­танудың осы кезге дейінгі даму бағыттары мен кезеңдерін анықтаған құнды еңбектері алғаш рет қазақ ті­ліне аударылды.

Ғалымның 2006 жылы жарық көрген «Қазақстан әлеуметтануының институционалдануы» атты монографиясының еліміздегі әлеуметтанудың ғылыми және әлеуметтік статусын айқындап, жүйе­леудегі орны ерекше. Ұжымдық ең­бекте отандық әлеуметтанудың даму кезеңдерінің сипаты, ерекшеліктері көрсетіле отырып, әлеуметтік құ­ры­лым, жастар әлеуметтануы, эконо­микалық әлеуметтану, саясат әлеу­мет­тануы, отбасы әлеуметтануы және бас­қа да бағыттағы орта деңгейдегі әлеу­меттанулық теориялардың дамуына ғалымдарымыздың қосқан үлесі сараланады. Бұл еңбектің студенттерге «Отандық әлеуметтану» курсын оқы­туда ерекше маңызы бар. Әлем әлеуметтанушылары да осы еңбек арқылы Қа­зақстандағы әлеуметтанушылар, әлеу­меттанулық теориялық зерттеулер ту­ралы ақпарат алып жатыр. Сонымен қатар К.Биекеновтің 2010 жылы жарық көрген «Әлеуметтану тарихы» атты ең­бегінде де қазақ тілінде әлеуметтанудың қалыптасуының әлеуметтік-теориялық жағдайлары жан-жақты қамтылған.

Қазіргі әлеуметтану ғылымын қа­зақ тілінде дамытудың басты мәсе­лесі  – негізгі түсініктер мен баламалар­ды бір ізге келтіру. Осы тұрғыда К.Бие­ке­новтің М.С.Садыровамен 2007 жылы бірлесе жазған «Әлеуметтанудың тер­минологиялық сөздігі», 2011 жылы жарық көрген «Әлеуметтану: түсініктер мен баламалар» атты еңбектерінің орны ерекше. Бұл еңбектерде тек негізгі түсініктердің сипаттамасы мен аудар­масына мән берілмейді, сонымен қатар шетелдік және отандық әлеу­меттанушылар өмірбаяндары, әлеу­меттанулық теориялық бағыттар кеңінен сипатталған. Еңбектің құндылығы да осында. «Жастардың тілдік әлеу­меттенуі» еңбегінде Қазақстанда алғаш рет қазақ тілінің статусы, даму кезеңдері мен тілдік әлеуметтенудің ерекшеліктері мен одан туындайтын мәселелер, тілдің ғылыми және әлеуметтік мәртебесі әлеуметтанулық тұрғыдан зерттелген. Қазақстандағы үш тілділік саясатын жүзеге асыруда, тілдің қолданылу ау­қымын арттыру жағдайында аталған еңбек ғылыми әдістемелік тұрғыдан ғылыми және практикалық ұсыныстар береді.

2010 жылы жарық көрген «Әлеу­меттану тарихы» оқулығында әлеумет­тану тарихының кезеңдері жазылған. Американың, Батыс Еуропаның белгілі социологтерінің еңбектері бірінші рет қазақ тіліне аударылып, олардың теориялары, тұжырымдары толық нақтылы берілген. Оқулықта әлеуметтану ғы­лымының көрнекті классиктерінің, осы ғылымның кірпішін қалаушылардың біраз шығармасы қазақ тіліне аударылып, оқулыққа енген. Г.Спенсер, О.Конт, Э.Дюркгейм, М.Вебер, Г.Зим­мель, Ф.Теннис, П.Сорокин, Ф.Па­рето, Т.Пар­сонс, Лебон, Моска секілді ға­лым­дар­дың негізгі идеялары талдан­ған. Бұл оқулықта социологияның әлеу­­меттік философияның, психо­логия­ның, мәдениеттің тағы да басқа ғы­лым­дармен байланысы және әлеуметтік құбы­лыстардың көптеген мәселесі терең зерттелген. Аталған еңбектің құндылығы шығыс елдерінің әлеуметтанулық ойларын жүйеге келтіруінде. Соның ішінде әл-Бирунидің, Ибн Синаның, Ибн Рушдтің, Ибн Халдунның, Ба­ласағұнның, Абайдың, Шәкәрімнің, басқа да ойшылдардың еңбектеріне әлеуметтанулық талдау жасалуында.

Ғалым қазіргі әлеуметтанудың дамуы туралы мынадай тұжырым жасай­ды: «Қазіргі әлеуметтану ғылымы эволю­циялық негізде, эволюцияшыл ойшылдар еңбегінің арқасында қа­лыптасты. Ол адамзат қоғамын табиғи себептілік арқылы түсіндіреді. Әлеуметтану – қоғам­ның пайда болуын, дамуын, құры­лымы мен әрекетін эволюция үде­ріс­інде бірге әрекет ететін табиғи, өмір­лік және психикалық себептердің әсерімен түсіндіруге бағытталған талпыныс». К.Биекеновтің «Әлеуметтану тарихы» атты еңбегінің құндылығы әлеуметтану білімін қалыптастырудың тарихи және әдістемелік алғышарттары бе­рілгендігінде, сондай-ақ қазіргі за­манғы жаңа әлеуметтанудың ғылыми базасын құрайтын өзекті сәттер мен тео­риялық-әдістемелік қағидаттардың баяндалғанында.

2013 жылы жарық көрген «Әлеуметтік болжау мен жобалау» атты еңбегінде отандық деректер негізінде болжаудың және әлеуметтік жобаларды жүзеге асы­рудың қағидаттары, кезеңдері, түр­лері мен әдістері жатық тілде жүйелі қа­растырылған. Кеңес Үмбетжанұлы Қазақ­стан қоғамының әлеу­меттік-гума­нитарлық саладағы, атап айтқанда, білім, ғылым, медицина, әлеу­меттану саласында болжау мен жобалау ерекшеліктері мен қолдану жолдары туралы толық сипаттама берген. Үлгілеуді әлеуметтік үдерістерді бол­жаудың құралы ретінде қарастыра отырып, синергетиканың әлеуметтік болжау құралы ретіндегі, тұрақты даму кезеңдерін зерттеудегі оның алатын орны талданған.

Қазақстан әлеуметтануының әлеу­меттік құрылым, әлеуметтік үдерістер мен институттар, экономикалық со­цио­логия бағыттарының дамуы Кеңес Үмбетжанұлы басқарған Ғы­лыми кеңес ғылым аясында жүзеге асты. Ғалым саясат әлеу­меттануын, басқару әлеу­меттануын, әлеуметтік инсти­тутт­ардың әрекет етуі­мен қазіргі қоғамдағы әлеуметтік құ­рылым мен әлеуметтік үдерістерді зерттеумен байланыстырады. Сонымен қатар әлеуметтік саясатты мемл­екеттің қызметі тұрғысынан зерт­теуді үйлестірді. К.Биекеновтің айтуынша, мәде­ниет пен саясаттың өзара әрекеті фор­мациялық дең­гейде жүзеге асады. Әр тарихи кезең мәдениетінің өзінің саяси ерек­шеліктері бар. Бұл үдерісте жалпы заңдылықтарды айқындай отырып, мәдениеттің дамуының көптеген жолы бар екенін әрқашан ескеру қажет. Адамның мәдени іс-әрекеті тек өт­кеннің мәдени құндылықтарын меңге­румен шектелмейді, адамның жаңа құн­дылықтарды өндіруге қабілет­тілігімен де өлшенеді.

Әлеуметтік саланың даму өлшемдерін зерттеу және әртүрлі әлеуметтік топтарды әлеуметтік қорғаудың даму бағыттарын зерделеу де – ғалымның нысанасы. К.Бие­кенов – «Әлеуметтану» және «Ұлт тағылымы» журналдарының редак­циялық алқа мүшесі. Ол 37 ғылыми жобаға, соның ішінде 13 хал­ықаралық жобаға қатысты. Оның басшылығымен 10-нан астам ғылым докторы, 1 PhD мен 30-дай ғылым кандидаты дайындалды. Олардың барлығы – қоғамға белгілі тұлғалар, елдегі әлеуметтанудың дамуына үлкен үлес қосып отырған мамандар. Түркі елдері социологтерінің қа­уымдастығын құру бағытында да Кеңес Үмбетжанұлы белсенді еңбек етіп, әлі де ұйымдастыру комитетінің мүшесі қызметін атқарып келеді.

Ғалымның өмірлік, кәсіби жолы Қазақстанда әлеуметтану ғылымының қалыптасуымен тікелей байланысты. Бұл жерде ұстаздың шәкірттерге берер тәрбиелік шеберлігін де атап өту керек. Ғалым өз мінез-құлқымен, ойла­рымен, адамға деген, әсіресе жас­тар­ға деген ерекше көзқарасымен, ізет­тілігімен ерекшеленеді. Қай мәселені де парасатты болжап шешу, адамға сый­ластықпен, құрметпен қарау – Кеңес Үмбетжанұлының өмірлік ұстанымы. Ға­лым өзінің ұстамдылығымен, адамға деген сенімділігімен, қарапайымды­лығымен айналасын өзіне тартады. Ол кісінің шыдамдылығына қайран қала­сыз. Кеңес Үмбетжанұлы – уақыт ағы­мынан, уақыт талабынан қалмай келе жатқан тұлға. Үнемі ізденісті, жаңалыққа құштарлықты да осы кісінің бойынан үйренеміз. Кеңес Биекенов – талантын қоғам мен мемлекет пайдасына бағыттаған, өз жолын дұрыс таңдаған бақытты адамдардың бірі. Ғалымның өнегелі жолы – білім-ғылым саласындағы жастарға үлгі.

 

Мансия САДЫРОВА,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы