Қоғам • 26 Қыркүйек, 2023

Ең төменгі жалақы неге 300 мың теңге емес? Министр жауап берді

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ең төменгі жалақы мөлшері туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ең төменгі жалақы неге 300 мың теңге емес? Министр жауап берді

Светлана Жақыпова Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерін 300 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысына түсініктеме берді,

Министрдің айтуынша, ең төменгі жалақының бұлайша өсуі шағын және орта бизнес өкілдеріне кері әсерін тигізеді.

«Ең төменгі мөлшерді 300 мың теңге қылып қойсақ, оны орта және шағын бизнес көтере алмайды. Олар жалақы төлеуі керек, зейнетақы қоры бар дегендей. Бұл - қауіпті. Иә, популистік тұрғыда бұл шешімге бара аламыз. Бәріне жар салып осынша көтердік деп айтуға болады, алайда шын мәнінде, ешкім дұрыс жұмыс істей алмай қалады», деді министр.

Сондай-ақ министр ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бастап өсіп келе жатқанын қоса айтты.

«Ең төменгі жалақының мөлшері 45 мың теңгеден басталып, 85 мыңға жетіп отыр. Жұмыс беруші бұл төлемнен төмен төлемеуі керек. Мысалы 21 күн жұмыс істеп 80 мың теңге төлесе, жұмысшы сотқа арызданып, құқығын қорғай алады», деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған еді.