Тұлға • 26 Қыркүйек, 2023

«Қазақ газеттері» ЖШС ұжымы Тоқтар Әубәкіровпен кездесті

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2 қазан Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан күні қарсаңында қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті. Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, белгілі хирург, профессор Серік Тоқпанов, «Ер Тоқтар» кітабының авторы, белгілі журналист Талғат Сүйінбай қатысты, деп жазады Egemen.kz.  

«Қазақ газеттері» ЖШС ұжымы Тоқтар Әубәкіровпен кездесті

Шараны ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы ашып, қазақ тарихында орны өзгеше тұңғыш ғарышкер туралы айрықша атап өтті. «Тұлғатану» ғылымының бір бағыты «Тоқтартану» ғылымында Талғат Сүйінбайдың ғарышкер туралы барлық мақалалары «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққанын тілге тиек етті.

Е. Омар.

Ғарышкер сөйлеген сөзінде: «2 қазан ғарышқа ұшу күні қарсаңында қаншама журналист хабарласып сұхбаттаспақ ниеттерін айтты, бірақ, мен осы қара шаңыраққа жиналайық, келсеңдер сонда келіңдер, деп осында келуді жөн көрдім», дей келе ғарыш сапары алдында «Egemen Qazaqstan» газетінде қызмет еткен ардагер журналист Талғат Сүйінбайдың космодромда болып, шығарып салғанын, кейін кітап жазғанын әрі ондай кітаптар тарих үшін керек екендігін атап өтті.

«Қолжазбам бойынша бұл кісіге қасқырды үш рет атқызғанмын ғой. Содан кейін фантазияммен оқ таусылды дедім. Бұл кісі мен бір-ақ рет атам деді. Бұны айтып отырған себебім, ұшақты меңгеру көзге байланысты және бұл кісі тау шаңғысынан спорт шебері, аталған спортта көзбен көру күшіне байланысты. Бұл кісі көздеп бір-ақ рет атады», деп ғарышкер туралы тың мәліметтер айтқан Талғат Сүйінбай «Байқоңыр 1955 жылдан 1991 жылға дейін қазақша сөйлемеген аумақ еді, киіз үйлер тігілді, 40 журналист қазақша сөйлеп жүрді, ғарышкер өзі де қазақша сөйлеп, рапорт беріп ұшып кетті деп естелігін айтты.

Е. Омар.

Ғарышкердің қанаттас серіктері, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, белгілі хирург, профессор Серік Тоқпанов өздерінің естеліктерін сөз етті. Бұдан кейін Тоқтар Оңғарбайұлы журналистердің сұрақтарына жауап берді.