Хоккей • 26 Қыркүйек, 2023

Овертаймда басым түсті

122 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нижнекамскіде жер­гілікті «Нефтехимикпен» өткізіп, қарсы­ла­сын қосымша уақытта тізе бүктірді.

Овертаймда басым түсті

Кейінгі екі кездесуінде сәтсіздікке ұшы­раған елордалық ұжым сырт айдындағы үшін­ші ойынында өз жанкүйерлерін қуантты. Екі клуб арасында өткен аса тартысты бәсекеде спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер 11 шай­баның куәсі болды. Матчтың бірінші кезе­ңінде «Нефтехимик» сапынан Рафаэль Бик­муллин мен Александр Дергачёв мергендік танытса, «Барыс» ойыншысы Понтус Оберг бір шайбамен қарымта қайтарды. Ал екінші кезеңде «Барыс» командасынан Понтус Оберг пен Кирилл Савицкий нысананы дәл көздеп, жерлестеріміз 3:2 есебімен алға шықты.

Үшінші кезеңде Александр Дергачёв пен Рафаэль Бикмуллин «Нефтехимикке» басымдық сыйлағанымен, арада көп уақыт өтпей Понтус Оберг ойындағы үшінші шайбасын соғып, таразы басын қайта теңестірді. Матч соңына дейін Евгений Митякин мен Самат Данияр бір-бір мәртеден көзге түсті. Сөйтіп, негізгі кезең 5:5 есебімен аяқта­лып, ойын овертаймға ұласты. Ал қосымша кезеңде жерлестеріміздің бағы жанып, қар­сы­ластарынан жеңісті жұлып алды. Жеңіс голының авторы – Райли Барбер. Енді «Ба­рыс» өз айдынындағы ойындарын елордада «Адмирал» (28 қыркүйек) мен «Сибирь» (30 қыр­күйек) командаларымен өткізеді.