Тағзым • 09 Мамыр, 2024

Жауынгер есімі ұмытылмайды

391 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақ даласынан қан майданға 1 366 164 мың адам, соның ішінде Сыр өңірінен 70 мыңға жуық азамат аттанған. Соғысқа кеткен жауынгерлердің тең жартысына жуығы туған топырағына қайта оралған жоқ.

Жауынгер есімі ұмытылмайды

Заң саласының ардагері 83 жастағы Айшагүл Күзембаеваның әкесі Әділбек Күзембаев 1941 жылы майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткендердің бірі. Әкесі соғысқа кеткенде Айшагүл бір жаста болған екен. Анасы Ақжарқын әкесі туралы үнемі әңгіме қозғап, жылы естеліктерімен бөлісіп отыратын.

– Бала қиялына салынып, әкешімнің бейнесін елестетіп, соғыстан оралған сәтті жиі армандайтынмын. Біреулердің «қасына өзге ұлттың әйелін ертіп, майданнан Еуропа жаққа тартқан болар», «фашист қолынан қаза тапқан болар» деген сөздерін жиі естісем де, «жоқ, әкем тірі» деген үміт жетімдіктің азабын сәл болса да тыныштандыратын. Кейін кіші інім Бегалыға да «әкеміз батыр» деп мақтанышпен айтатын едім, – дейді Айшагүл апа.

1977 жылы А.Күзембаева Қармақшы ауданына судья болып тағайындалады. 1982 жылы анасы ауыр дертке шалдығып, білікті судьяға қайтадан Қызылордаға оралуға тура келеді. Қалаға келгеннен кейін ол сот саласынан адвокатураға ауысады.

– Анамның сырқаттанып жатқанын көргеннен болар, әкем туралы ойлар жиі мазалай бастады. Анам көзі тірісінде әкем жайында хабар алса деген ниет әрекетке жетеледі. Осылайша, іздестіру жұмыстарын жандандырып, біраз ке­дергіге де кезіктім. Әйтеуір, жылдар бойы күткен хабар келді. Онда: «1941 жылы майданға шақырылған Әділбек Күзембаев атқыштар полкінде болған. 1944 жылы жау қолынан қаза тапқан» делінген. Өкінішті, бірақ шындығын білдік, жылдар бойы мазалаған мәселенің түбіне жеттік. Көп ұзамай, 1984 жылы анам да ауыр дерттен көз жұмды, – деп күрсінді А.Күзембаева.

Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Боздақтар» кітабына Әді­лбек Күзембаев туралы тың дерек­тер жарияланды. Қызы Айшагүл бұл дере­ктерді Ресей Федерациясының орта­лық мұрағатынан тапқан. Онда қазақ жауынгері Әділбек Күзембаевтың 479-атқыштар полкінің командирі, Кеңес Одағының Батыры, аға лейтенант А.П.Егоровтың қарамағындағы 149-атқыштар дивизиясының құрамында болғаны жазылған. Бұл дивизия 1939 жылы қыркүйекте Ресейдің Острогожск қаласындағы Орел әскери округінде 19-шы Воронеж атқыштар дивизиясының 57-ат­қыштар полкі негізінде құрылған. Жеке құрамда Ресей, Қазақстан, Украина, Белоруссия, Грузия мен Әзербайжаннан әскер­ге шақырылған жауынгерлер болған. 1941 жылдың мамыр айында дивизия Коротояк орманындағы жазғы лагерьлерде болады. 1 маусымда басталған оқу-жаттығу жиындары аясында құрамға тағы 6 мың адам қосылады, олардың қатарында Әділбек Күзембаев та бар еді. 1943 жылдың басында дивизия Орел бағытындағы шайқастарға қатысып, Дмитровск-Орловский қаласы үшін ұрыс жүргізген. Одан бөлек атқыштар ди­визиясы Курск шайқасына қатысып, кескілескен соғыста аман қалған. 1943 жылдың күзінде дивизия Чернигов-Припят операциясын да сәтті өткізеді. Ал қазақ жауынгері Әділбек Күзембаев 1944 жылы Житомир-Бердичев шабуылы кезінде жау қолынан қаза тапқан.

Ендігі мақсат – жауынгердің қайда жерленгенін білу еді. Бірақ ол кезде де майдан шебінде көз жұмған жауынгерлер туралы ақпарат тым аз болатын. Сәті түсіп, Айшагүл апаның үлкен қызы батырлықпен қаза тапқан атасының есімін интернеттен тауып алды. Шағын ақпаратта: «Захоронен в братской могиле Житомирской области на Украине» делінген. Әкесі жерленген жерден туған ауылына бір уыс топырақ әкелініп, тасы орнатылса батырдың жеңіс жолындағы ерен еңбегі мен есімін келер ұрпақ ұмытпас еді. Осы міндетті орындауды мақсат тұтқан жауынгер ұрпағы Украинаға барып, «Бауырластар зиратынан» еліне бір уыс топырақ әкеліп, жерленген жеріне туған жерінің топырағын апарады.

Перзенттік парызын орындау мақса­тында 2021 жылдың 22 қараша­сында Айшагүл Әділбекқызы қызы Ләйләні ертіп, Украинаға аттанады. Сол жерде Малиновский ауданы Ио­сифка селосының басшылары қазақ жауынгерінің ұрпағын сән-салтанатымен қарсы алып, атқыштар дивизиясының жауынгерлері жерленген «Бауырластар зиратының» мемориа­лына алып барады. Әділбек Күзембаев 479-атқыштар полкінің басшысы, Кеңес Одағының Батыры, аға лейтенант А.П.Егоровтың қарамағындағы 149-атқыштар дивизиясы­ның құрамындағы 142 жауынгермен бірге жерленіпті. Осы­лайша, Айшагүл Күзембаева 81 жас­та әкесінің басына барып, мұң-шерін тарқатып елге оралған.

Облыстық және қалалық комисса­риатқа, әкімдікке барып, болған оқиғаның анық-қанығын баяндап, өскелең ұрпақ санасына қазақ батырларына деген құрмет, мақтаныш, сүйіспеншілік сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңірту жолында Әділбек Күзембаевтың зиратынан арнайы әкелінген қара топырақты «Мәңгілік алау» алаңына орналастырып, толық есімін тасқа қашап жазуды, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Қаратоғай елді мекенінде жауынгердің құрметіне көше атауын беруді сұрады.

– Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Бейбітшілік үшін жанын берген ерлердің есімі ұлықталып, жастарға үлгі етілсе, осы өтінішім орындалса менің де ата-ана алдындағы перзенттік борышым өтелер еді, – дейді батырдың қызы.