Қоғам • 30 Қыркүйек, 2023

Абай облысында ардагерлер орталығы ашылды

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапары барысында Ардагерлер орталығының ашылуына қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Абай облысында ардагерлер орталығы ашылды

Фото: Абай облысы әкімдігі

Айта кетсек, Президент Жарлығымен құрылған үш облыста ардагерлер ұйымының филиалдары құрылып, бұған дейін екі облыс орталығында – Қонаев және Жезқазған қалаларында арнайы ардагерлер орталығы ғимараты ашылған еді.

Мәжіліс депутаты осындай орталықтың Семей қаласынан ашылуына арнайы ғимарат бөліп, көмек көрсеткені үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

Абай облысы әкімдігі

Б.Ізмұхамбетов іс-сапар барысында  Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тарихи-мәдени орындарды аралады. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесі орталығының ашылу салтанатына қатысып, облыс ардагерлерімен жүздесті.

Ардагерлер орталығының ашылуындағы сөйлеген сөзінде Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Алдымен қазаққа Абай мен Шәкәрімді және Мұхтар Әуезовті тарту еткен ұлылар мекенінің бұрынғы мәртебесін қайтарып, Абай облысы болып қайта құрылуымен құттықтаймын», деді.

Мәжіліс депутаты ардагерлерге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын  атап өтті.

«Елдік істерде аға буынға түсер жүк салмақты. Ардагерлерімізден елдің тыныштығы мен ынтымағы жолында, Мемлекет басшысының бастамаларын тұрғындарға түсіндіруде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын сұраймын. Қазіргі ғаламтордың дамыған уақытында, теріс пиғылдағы ағымдар көбейіп кетті. Осы жағынан сақ болып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек. АҚШ-та өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясындағы жалпы дебатта, яғни, ең биік халықаралық мінберде сөз алған Президентіміз көтерген ұсыныстарымен өзінің мықты дипломат екенін әлем елдерінің алдында тағы бір дәлелдеді. Алдымызда ардагерлердің араласуын қажет ететін мәселелер көп. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді  елдің арасында түсіндіріп жүруіміз керек», деді Мәжіліс депутаты, республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Абай облысы әкімдігі

Кездесу соңында ардагерлерді халықаралық қарттар күнімен құттықтап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген біраз ардагерлерге «Ардагерлер ұйымының» «Құрметті ардагер» төсбелгісі мен «Құрмет грамоталарын» табыстады.