Қоғам • 02 Қазан, 2023

Жолсерік әнші: Пойызда жолаушылар танып, ән айтып беруімді сұрайды, тойға шақыратындар да бар

2243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақылзат Сейітжапар жолсерік болып қызмет етеді. Қарапайым жолсерікті «жұлдыз» еткен - әлеуметтік желі. Оның пойыз ішінде құйқылжыта салған әні әп-сәтте әлеуметтік желіге тарап, талайға таңдай қақтырды. «Қандай керемет айтады әнді. Мынау жолсерік әнші қыздың орны вагон емес, сахна ғой» дейді Мәжіліс депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса. Астана-Шымкент бағытында жолаушыларға жайлылық сыйлап қана қоймай, әсем әнімнен де тербететін талантты теміржол қызметкерімен дидарласудың орайы келді.

Жолсерік әнші: Пойызда жолаушылар танып, ән айтып беруімді сұрайды, тойға шақыратындар да бар

Фото: Ашық дереккөз

– Сізді танымал еткен әлеуметтік желі. Әншілік өнерді кәсіби меңгердіңіз бе,  әлде қаннан дарыған  талант па?

– Жоқ, кәсіби мамандығым  теміржол саласымен байланысты. Бала кезімнен ән айтуға әуестігім артты. Өйткені әкем - әнші. Әнші болғанда сахнада емес, дала төсінде ән айтқан. Жылқы бақты. Анам  ауылдық әкімдікте қызмет істеді. Қазір екеуі де зейнеткер. Өзіміз төрт ағайындымыз, үйдің үлкені ағам, өзімнен кейінгі бауырларымның да бір қайырары бар өнерден. Бала кезімнен Витастың репертуарындағы әндерді шырқайтынмын. «Ұялмаған әнші болады» демекші, бар даусыммен үйде ән айтам. Сонда көршілер анама келіп, «радионың даусын сұңқылдатпай бәсең қойыңдар» деп сес те көрсетеді екен. Олар менің жанды дауысты ән шырқағанымды радионың үні деп ойласа керек.

2

– Әкеңізден дарыған  өнердің жолын таңдамағаныңыз қызық екен.

– Әнші  атанғым келді. Бала кезімнен әкем Есімханмен бірге ән айтып, ауыл арасындағы той-томалақта, мектепішілік конкурс, байқауларға сахнаға шығып жүрдім. Атам Сейітжапар да домбырамен күй шертіп, әуелетіп ән салғанда замандастары тамсанып отырушы еді. Бабамыздан  дарыған өнердің ізіне түскім-ақ келген, болмады. Бір күні Алматы  қаласында өтетін конкурсқа баратын болдық.  Мезеті таяғанда  жолымызға қаражат таба алмай қысылдық.  Сол кезде қатты қыстығып жыладым. «Мен бүгін қаладағы конкурсқа қатысуға қаражат таппай отырмын,  бұдан кейін де  мүмкіндік тумайды ғой» деген уайым әншілікті емес, теміржол саласын таңдауыма әсер етті.

– Әлеуметтік желіде танымалдығыңыз артты, бірнеше телебағдарламаға қатыстыңыз. Жолаушылар да танып, ән сұрап қолқа сала ма?

– Астана-Шымкент бағытында қызмет көрсетеміз. Жолаушылар танып алған, «опера әншісі» деп көтермелеп те жібереді. Тіпті кейінгі сапарымызда үлкен  кісілер қаумалап алып, бірнеше ән  айтқызып, тамбурда билеп көңілді келдік.

– Тойға шақыратындар да бола ма? Еңбекақыңызды төлейміз деп қызықтыратындар да кезіге ме?

– Ондай мақсатта телефон шалатындар да жоқ емес. Бірақ ән айту – менің хоббиім. Өнерді мен табыстың көзі деп малданбаймын. Тек туыс-туғанның тойында ән сұрайды, тегін шырқап, көпшіліктің көңілін көтеремін.

– Сіздің сахнаңыз  вагонның іші болғандықтан, жолаушылардың қолқасына орай  реперутарыңызды да жаңартып  жүресіз бе?

– Негізінен жер ортасы жасынан асқан, егде тартқан кісілер ән  шырқасаң деп  өтініш айтады. Шәмші Қалдаяқовтың әндерін сұрайды, классикалық әуенді қалайтындар опера орындап берсең деп қиылады.   Сазгерлерден арнайы ән жаздыртпаймын,  әншілердің орындауындағы туындыларды  шырқаймын.

Жуырда «Манкент» шипажайында ем алдым.  Сол жерде де күнде кешкілік уақытта менің «жеке шығармашылық кешім» ұйымдастырылып, шипажайдан кеткенше  ем алушыларға ән шырқап бердім.

– Өзіңіздің  балаларыңыз өнерге жақын ба?

– Ұлым онша қызықпайды, қызым ән шырқағанды қалайды.