Президент • 05 Қазан, 2023

Алдағы екі жылда Қазақстанда 100-ге жуық мектеп салынады

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Республикалық педагогтер съезіндегі баяндамасында  мектептердегі орын тапшылығын жою өте маңызды  міндет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Алдағы екі жылда Қазақстанда 100-ге жуық мектеп салынады

aqorda_resmi

«Мектептегі орын тапшылығын жою – өте маңызды міндет. Адам капиталы – ең басты байлық. Халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Демек, мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді деп жоспарланып отыр. Алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жеткіншек студент атанады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Қазірдің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев  өзінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы  бойынша алдағы екі жылда  еліміздің барлық аймағында  жүзге жуық  мектеп салынатынын атап өтті.

«Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз. Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді», деген  Мемлекет басшысы жаңадан ашылған  мектептерде білім заман талабына сай жоғары болуы керек екенін де ескертті.