Сайлау • 06 Қазан, 2023

Әкім сайлауы: 45 бос орынға 249 кандидат тіркелді

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы аудандық және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауына дайындықтың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әкім сайлауы: 45 бос орынға 249 кандидат тіркелді

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Нұрлан Әбдіров сайлау өтетін өңірлерге сапарлар басталғанын хабарлады.

«5 қарашаға белгіленген аудандық және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің пилоттық сайлауын әзірлеу және өткізу шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері барлық 17 округке іссапарға шықты. Мәселен, бүгінге дейін 9 облысты аралап, аудандық және облыстық маңызы бар 24 қаладағы сайлаудың барысымен таныстық. Жұмыс сапарларымыз жалғасын табады», деді Н.Әбдіров.

ОСК төрағасы аймақтарда кандидаттарды тіркеу 16 қыркүйекте басталып, 5 қазанға дейін жалғасатынын айтты.

Жұмыс қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров барлық өңірлер бойынша 249 кандидат тіркелгенін айтты.

«Біздің мәлімет бойынша, 45 әкімнің бос орнына 249 үміткер тіркелген. Бір орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді. Дегенмен, бәсекелестік аймаққа байланысты өзгереді. Атап айтқанда, бір орынға 9 үміткерден келетін өңірлер бар. Курчатов қаласында, Жамбыл облысының Жуалы ауданында, Жетісу облысының Кербұлақ ауданында және Түркістан облысының Бәйдібек ауданында үміткерлер көп. Ең азы Ақмола облысының Жақсы ауданында, Атырау облысының Исатай ауданында, Қостанай облысының Алтынсарин, Қарабалық және Денисов аудандарында», деді К.Петров.

Оның айтуынша, тіркелген кандидаттардың 63 пайыздан астамы өзін-өзі ұсынса, қалған 36 пайызы негізінен саяси партиялардан сайлауға түскен.

«Үміткерлердің орташа жасы – 47 жас. Ең үлкені 1961 жылы, жасы 1993 жылы туған азаматтар. Үміткерлердің басым бөлігі ерлер, 13 әйел адам бар», деді К.Петров.

Ұсынылған кандидаттардың 63 пайызы мемлекеттік қызметшілер, 6 пайыздан астамы уақытша жұмыссыздар. Қалғандары түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар.