Теннис • 08 Қазан, 2023

Сынық қадам қалғанда сүрінді

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен әйелдер арасындағы елі­міз­дің бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Қытай астанасы Бей­жіңде өтіп жатқан WTA 1000 тур­нирі­нің финалына шыға алмады.

Сынық қадам қалғанда сүрінді

Отандасымыз турнирдің ширек фина­лында әлемнің бірінші ракеткасы беларус­тық Арина Соболенконы бір жарым сағат­қа жалғасқан матчта небәрі екі сетте 7:5, 6:2 есебімен тізе бүктірсе, жартылай финалда әлемнің 22-ракеткасы ресейлік Людмила Самсоноваға шамасы жетпеді. Бірінші партияда екі теннисші де бір-бір мәртеден брейк жасағанымен, тай-брейкте ресейлік теннисшінің бағы жанды – 7:6. Екінші партияның сегізінші геймінде Елена допты матчқа қосқанда жиі қателесіп, қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Ал тоғызыншы геймде Самсонова 40:0 есебімен матчқа нүкте қойды – 6:3.

Кез келген спортшының спорттық карьерасында ыңғайсыз қарсыластары болады. Рыбакина үшін Людмила Самсонова – сондай теннисшінің бірі. Себебі осыған дейін екі теннисші үш мәрте кездесіп, соның үшеуінде де Самсонованың мерейі үстем болған. Әзірге Рыбакина Людмиланың осал тұсын таба алар емес.