Спорт • 09 Қазан, 2023

Әнұранды шырқатқан саңлақтар

673 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу төрінде дүбірлеп өткен ХІХ жазғы Азия ойындары кеше өз мәресіне жетті. 17 күн бойы 45 мемлекеттің 11 мыңға жуық спортшысы бақ сынаған додада ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп, бейресми жалпыкомандалық есепте 11-орынды иеленді. Ал медальдар саны жөнінен үздік бестіктің қатарына енді. Азия ойындары басталар алдында мамандар алтын алады деп, 25-30 спортшыға сенім артқан еді. Солардың тек 10-ы ғана биік тұғырдан көрініп, еліміздің әнұранын шырқатты. Біз бүгін ел абыройын асқақтатқан чемпиондарды оқырман қауымға кеңірек таныстырғанды жөн көрдік.

Әнұранды шырқатқан саңлақтар

Каратэшілер сенімді ақтады

Азия ойындарында еліміздің ка­ра­тэшілері биік белесті бағындырды. Дүбірлі додаға келген 8 спортшының барлығы да жүлделі орыннан көрінді. 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған каратэшілер өзгелерге үлгі боларлықтай нәтиже көрсетті.

Ел намысын қорғаған Қайсар Ал­пыс­бай құрлықтық доданың жеңім­пазы атанды. 60 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған спортшымыз финалда екі дүркін Азия чемпионы, кувейттік Абдулла Шаабанды жеңіп, Азиаданың алтынына ие болды. Аса тартысты өткен жекпе-жек 7:5 есебімен аяқталды.

– Негізі Азия ойындарына дайын­далғанымызға біршама жыл болды. Шүкір, еңбек ақталды. Финалдағы қарсы­ласыммен бұған дейін бірнеше рет кез­дескенмін. Соңғы кездесуімізде де жеңген болатынмын. Дайындық барысы жақсы өтті. Қиындық болған жоқ. Бізде осы айдың соңында тағы үлкен жарыс бар. Әлем чемпионаты өтеді. Енді соған дайындықты бастаймыз, – деді чемпион.

Каратэден ұлттық құрама көшбас­шысы Софья Берульцева Азия ойын­дарында алтын жеңіп алған спорт­шылардың қатарына енді.

Әйелдер арасында +68 кило салмақта сынға түскен жерлесіміз финалдық айқаста Арика Гурунгке (Непал) еш мүмкіндік бермей, алтын медальға қол жеткізді. Софья ХІХ жазғы Азия ойындарын ширек финалдан бастап Жуд Олдрусты (Иордания) сенімді жеңген еді. Арада көп уақыт өтпей, ол жартылай финалда Филиппин спортшысы Изабель Арианна Бритодан басым түсті.

Жалпы, 22 жастағы Софья Берульцева Токио Олимпиадасы мен 2021 жылғы әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алғаннан кейін жұрт назарын өзіне аудара бастады. Сонымен қатар жерлесіміз спорттың осы түріндегі ең беделді жарыстың бірі – Премьер-лигада 4 рет алтыннан алқа тағып, тағы бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінген. Азияның 2 дүркін чемпионы, бұған қоса 3 рет күміс, 1 рет қола медаль иегері атанған. Сондай-ақ С.Берульцева – былтыр АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарында Қазақстанға жалғыз алтынды сыйлаған спортшы.

Каратэші Нұрқанат Әжіқановты Токио Олимпиадасынан бері жанкүй­ерлерге жақсы таныс. Жапон жерінде жолы болмады демесеңіз, жерлесіміз Азия, әлем чемпионаттарында жүлде алып жүр. Сол себепті Нұрқанаттың алдында Азия ойындарында топ жару мақсаты тұрды және жерлесіміз сенім­ді ақтады. Каратэшіміз Азия ойын­дарының алғашқы айналымында Махам­мед Шекху Аламды (Непал) 5:0 есебі­мен ұтса, ширек финалда қырғыз спорт­шысы Назым Нұрлановтан 3:1 есе­бімен басым түсті. Ал жартылай фи­налда Нұрқанат Малайзия өкілі Раго­на­зан Шармендранды 4:3 есебімен жеңді. Ал финалда иорданиялық Хасан Масар­шейхті 8:0 есебімен ойсырата ұтты.

 

Рекорд тіркеп, чемпион атанды

Стенд атудың скид бағдарламасы бо­йынша Қазақстанның қыздар құра­масы ең көп ұпай жинап, сары құрлық ойындарының жеңімпазы атанды.

Стенд атудың скид бағдарламасы бойынша құрамында Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панарина өнер көрсететін біздің команда жалпы 350 ұпай жинап, жарыс рекордын жаңартты.

Ал жекелей сайыста Әсем Орынбай қола жүлдеге қол жеткізді.

Стенд атудың скид бағдарламасында алтын иеленген үшеудің бірі – Ольга Панарина. Ол – 53 жаста. Азиаданың су жаңа чемпионы мен рекордшысының отбасында немересі өсіп келеді. Мергендік жас талғамайтынын Панарина кезекті мәрте дәлелдеді.

– Біріншіден, көп жаттығамын. Екін­шіден, спортшылар қартаймайды. Нысана көздеу – бұл менің өмірлік ісім. Сол себепті бар күш-жігерімді жұм­сай­мын. Командаластарыма да алғыс айт­қым келеді. Менен кеңес сұрағандарға, әрқашан көмектесуге тырысамын. Ұжы­мымыз өте тату. Меніңше, бұл жеңіс – осы командалық рухтың жемісі. Бұл медалімді ата-анама арнағым келеді. Олар әрқашан менімен бірге, – деді О.Панарина.

Стенд атуда (Skid-міх) Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай ел қор­жы­нына кезекті алтын медаль қосты. Аталған бәсекеде алғашында 8 құрама бақ сынады. Жерлестеріміз бірінші орынмен іріктеуден сүрінбей өтті. Екінші кезеңде 6 құрама финалдық жолда­маны сарапқа салды. Бұл сында отандас­тарымыз екінші орынға тұрақтады. Ал шешуші кезеңде Кувейт мерген­дерімен өзара жеңімпазды анықтауға кірісті. Екі құрамаға да алтын ауадай қажет еді. Себебі кувейттіктердің қоржынында бұған дейін 1 алтын, 1 қола медаль болса, ал бізде 2 алтын, 3 күміс, 13 қола бар-тұғын. Намысқа тырысқан жерлестеріміз бас-аяғы жарты сағаттың ішінде қарсыластарынан 5 ұпайға асып, Азиада чемпионы атанды.

Шыны керек, стенд ату елімізде кенже дамыған. Қазақ­тар әдетте баласын футбол, күрес, бокс секілді спорт түрлеріне береді ғой. Ал Азиада секілді аламандарда нысана көздеу спортынан бір емес, бірнеше медаль жеңіп алу мүмкіндігі бар. Осы Азия ойындарында 20 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл дегеніңіз – жеңіл атлетикадан кейінгі ең көп медаль үлестіретін спорт түрі. Оның үстіне, мұнда жасқа қарамайды. Біздің Ольга Панарина 53 жасында Азия ойындарының чемпионы атанса, күміс жүлдегер кувейттік спортшының жасы 60-та. Сондықтан да осы спорт түрін еліміздің әр қаласында дамыту керек деген ой келді. Әйтпесе, құрамада Әсем Орынбайдан басқа бірде-бір қазақ спортшысы жоқ.

 

Жарыстың соңғы күнгі нәтижесі

Азия ойындарының соңғы екі күнінде ел қоржынына 2 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль түсті. Ал көркем гимнастикадан командалық сайыста Эльжана Таниева, Эрика Жайлауова мен Милана Парфилова, каратэшілер Дидар Әмірәлі, Мөлдір Жаңбырбай, Данияр Юлдашев, слаломда ескек есуден Анастасия Ананьева, әйелдер күресінен бақ сынаған Жәмилә Бақбергенова, джиу-джитсу шебері Галина Дуванова Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Азия ойындарында бақ сынаған шахматтан Қазақстан қыздар құрамасы алға Қытай мен Үндістанды жіберіп, үздік үштікті түйіндеді. Ал әртістік жүзуден Ясмин Тұяқова мен Арина Пушкина, су добынан ерлер құрамасы, слаломда ескек есуден Александр Куликов, каратэ бәсекесінде 61 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Әсел Қанай, джиу-джитсудан Мариан Ордабаева, слаломда ескек есуден ел намысын қорғаған 16 жастағы Екатерина Таранцева, шебер жүзуден ел командасы қола жүлдеге қол жеткізді.

пар

 

Мерген қыз мүлт кеткен жоқ

Азия ойындарында тапаншамен 10 метрге жылжымалы нысананы көздеуде Зухра Ирназарова қарсыластарының мықтылығына қарамастан, жарысты өте сенімді бастады. Нәтижесінде, солтүс­тік­кореялық қос спортшыдан оқ бойы озып, Азия ойындарының алтынын жеңіп алды.

Жарыстан кейін берген сұхбатында Зухра топ жарғанына өте қуанышты екенін жеткізді.

– Барлығы ойдағыдай болғанына ризамын. Азия ойындарына алғаш рет қатысып отырмыз. Сондықтан қобалжымай, дәлдікпен нысананы көздегенімізде, командалық сайыста бірінші орын алатын едік. Бұл жарыс қой, дәл қазір кім мықты болса, сол жеңіске жетеді. Алда әлі талай жүлде алатыныма сенімдімін, – деген Зухра Азия ойындары алдында құрама қыз-жігіттері күніне екі реттен дайындық жүргізгенін, жеке бапкерімен жеңіске жету үшін барын салғанын айтты.

– Бірінші кезеңде төртінші орын алдым. Екінші кезең алдында өзімді қайрап, психологиялық тұрғыда дайындалып шықтым. Соңғы үшінші кезеңде жеңімпаз атанатыныма сенімді болдым. Сыңарым Фатима кішкене ауырыңқырап қалды. Әйтпесе оның нәтижесі менен де асып түсер еді, – деді Зухра.

 

Еңсемізді көтерген ескекшілер

Азия ойындары басталар алдында ескек есушілерден толағай табыс күткеніміз рас. Себебі алғашқы делегацияны Алматыдан Ханчжоуға шығарып салу кезінде мамандар бокс, дзюдо, күрес, нысана көздеу, сонымен қатар каноэде ескек есуден бірнеше алтын медаль алудан үмітті екенін айтқан еді. Мамандардың болжамы дәл келді. Әрине, ескек есушілер топырлатып бірнеше алтын медаль алмаса да, көңіл көншітерлік нәтиже көрсетті. 

Каноэде ескек есуден Сергей Еме­льянов пен Тимур Хайдаров бастаған ес­кек­шілердің алтын алатынына барлы­ғы­мыз сенімді болдық. Сенім ақталды да. 

С.Емельянов пен Т.Хайдаров бас­таған жұп 500 метрлік қашықтықта қарсыластарынан анағұрлым озып, Азия ойындарының алтын жүлдесіне ие болды. Спортшыларымыз жеңістен кейін тілшілермен тілдесіп, алдағы жоспарлары туралы айтты. 

– Бұған дейін екі Азия ойындарында күміс жүлде алдым. Үшінші Азия ойындары мен үшін сәтті басталды. Алғашқы қашықтықта алтын алдық. Көңіл күй өте керемет! Мәреге бірінші болып жету ерекше сезім екен. Елімізге алтын медаль әкелгенімізге қуаныштымыз. Бәрі ойлағандай өтті. Біз өз жұмысымызды атқардық. Нәтижесінде, қашықтықты сенімді түрде игеріп, бірінші келдік, – деді Сергей Емельянов. 

 

Желден жүйрік велошабандоздар

Тасжолдағы веложарыста сынға түскен ұлттық құраманың көшбасшысы Алексей Луценко үздік нәтиже көрсетіп (48:05:75), Азиаданың алтын медалін еншіледі. Отандасымыз осылайша Азия ойындарының төрт дүркін жеңімпазы атанды.

Евгений Федоров та велоспорттан топтық жарыста мәре сызығын бірінші болып кесіп, Азия ойындарының алтын жүлдесіне ие болды. 207,7 шақырымға созылған топтық сайыста екінші болып мәре сызығын тағы бір отанда­сымыз Алексей Луценко кесіп өтті. Айта кетейік, бұған дейін Азия ойындарының 4 дүркін чемпионы болған Алексей Луценко мәреге жақын қалғанда өзінің әріптесі Евгений Федоровке жолын беріп, мәрттік танытты. Е.Федоров 2018 жылы жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы, 2019 жылы ғана ересектер қатарына қосылды. Ол 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы, 4 дүркін Азия жеңімпазы.

 

Батырбеков ер екен

Джиу-джитсудан бірнеше елде өткен халықаралық турнирде топ жарған Нұржан Батырбеков құрамаға тағы бір алтын медальді алып берді. Нұржан Азия ойындарындағы финалдық сайыста екі дүркін Азия чемпионын жеңіп, жанкүйерлерді бір қуантып тастады. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Н.Батырбеков (69 кг) жарыс барысында Осама Кандилді – 9:0, Рамшед Абдуллаевты – 7:0, Сеонгхуеон Жуді 5:2 есебімен жеңді. Финалдық айқаста Мохамед Алсувайдиден 4:2 есебімен айласын асырды.

 

Түйін. Қай спортшы болсын жарысқа халқының абыройын асқақтатып, елінің әнұранын шырқатып, байрағын желбіретсем деп баратыны белгілі. Біздің де спортшыларымыз Ханчжоуға осындай мақсатпен аттанған. Алайда біреуінің бабы келмесе, енді біріне қазылар қиянат жасағанын да көз көрді. Қалай болғанда да спортшыларымыз бар күш-жігерін жұмсағаны анық. Сол себепті еліміздің әнұранын шырқатқандармен бірге жеңіс тұғырына көтеріліп, көк туымызды желбіреткендердің барлығын мақтаныш етеміз.