Университет • 10 Қазан, 2023

Рейтинг жарияланды

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Академиялық адалдық лигасы еліміздегі жо­ға­ры оқу орындарының рейтингін жариялады. Лига осымен екінші жыл қатарынан отан­дық жоғары оқу орындарының рейтингін жасаумен айналысып келеді. Бұл рейтинг білім беру бағ­дарламаларының тиімділік көрсет­кіштеріне негізделген.

Рейтинг жарияланды

Академиялық адалдық лигасы – еліміздегі жоға­ры және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйым­да­рының бірлестігі. Лига елдегі білім беру сапасын іл­герілету және дамыту мақсатында осыдан 5 жыл бұрын құрылған болатын.

Лига жүргізетін жоғары оқу орындарының рей­тин­гінде түлектердің орташа жалақысы, жұмысқа орна­ласу деңгейі және жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ түлектердің сараптамалық бағасы мен мансаптық әлеуеті сияқты бірқатар объективті көрсеткіш қам­ты­ла­ды. Рейтингті анықтау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынатын университеттік оқу бағдарламаларының сапасы туралы ресми ақпарат пайдаланылады. Ақпаратты «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы жинап, өңдейді. Па­лата жа­уапты министрліктің тапсырысы бойынша уни­вер­ситеттердің білім беру бағдарламаларының жыл сайынғы рейтингін жариялап тұрады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, лига жариялаған рейтинг мынадай формула бойынша жүргізіледі: білім беру бағдарламалары тиімділігінің орташа бағасына білім беру бағдарламаларының рейтингіндегі орны, бәсекелестер саны, білім беру бағдарламаларының саны әсер етеді. Университет позицияларын есеп­теудің бұл тәсілі бірнеше бағдарламасы бар жо­ғары оқу орындарын да әділ салыстыруға септе­седі. Рейтингтегі көшбасшылар – білім беру бағ­дар­­ламаларының орташа тиімділігі басқа оқу орын­­­дарымен салыстырғанда жоғары университет­тер. Рейтинг жоғары оқу орындарын өз бағдар­ла­ма­ла­рын жетілдіруге ынталандырып, түлек­те­рі­нің еңбек нары­ғын­дағы табысты болашағына қызы­ғу­шы­лық­та­рын арттыру үшін жүргізіледі.

Академиялық адалдық лигасының рейтинг нәти­­­жесіне негізделе жасалған еліміздің ТОП-10 университеті: 1) Қазақстан-Британ техникалық уни­вер­ситеті (орташа баға 91,59%); 2) М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті (91,04%); 3) Қазақстан-Неміс университеті (84,45%); 4) КИМЭП уни­верситеті (84,34%); 5) Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (78,20%); 6) Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (76,61%); 7) Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (72,75%); 8) Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты (70,57%); 9) Нархоз университеті (69,73%); 10) М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситеті (67,75%).

Рейтинг нәтижелері ақпараттық-талдамалық дашборд форматында ұсынылған. Оның көмегімен та­лапкер рейтингтегі жоғары оқу орындарының по­зицияларымен танысып қана қоймай, сонымен қатар орташа жалақы, жұмысқа орналасудың орташа деңгейі және түлектердің жұмыс іздеу ұзақтығы бойынша жоғары оқу орындарының нақты білім беру бағдарламаларын салыстыра алады. Бұл университет пен мамандықты таңдау кезінде дұрыс шешімді қабылдауға көмектеседі.