Әлем • 10 Қазан, 2023

Израильде Қазақстанның 16 азаматы оқып жатыр

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Израильде 16 қазақ студенті білім алып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Израильде Қазақстанның 16 азаматы оқып жатыр

Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі хабарлағандай, олардың 12-сі Хайфа қаласында, қалғандары еліміздің басқа қалаларындағы оқу орындарында білім алып жатыр.

«Бүгін олар елге оралады. Оқытуды жалғастыру мәселесі әлі де ашық», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 08:00-де «Air Astana» ұшағы Алматыдан Тель-Авивке ұшты. Бортында Қазақстан азаматтары бар кері рейс Алматыға жергілікті уақыт бойынша шамамен 23:45-те келеді.

Айта кетейік, Палестиналық ХАМАС тобының сенбі күні басталған Израильге шабуылы мен елдің соғыс жағдайына ену тұсында бірқатар мемлекеттер Израильден азаматтарын эвакуациялауды ұйымдастыруға асығып жатыр.

Қазіргі уақытта Израиль армиясы Газа секторындағы ХАМАС позицияларына шабуылдарын жалғастырып жатыр. Әскерилер Палестина тұрғындарына Мысырға қашуға кеңес береді.

Араб мемлекеттері лигасы 11 қазанда Газа секторындағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізетіні белгілі болды.

Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлік мессенджерде арнайы чат құрғанын, оның құрамына Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық Қазақстан азаматы енгенін айтты.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Газа секторында 25-ке жуық қазақ отбасы өмір сүреді.