Хоккей • 10 Қазан, 2023

Сәтсіз серияның нүктесі

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» тұрақты біріншіліктегі бес матчқа жалғасқан сәтсіз сериясын тоқтатып, алтыншы матчта жеңіске жетті.

Сәтсіз серияның нүктесі

Өткен турда Мәскеу облысының «Витязь» командасынан овертаймда (3:2) жеңілген соң «Барыс» командасының басшылығы Андрей Скабелканы қызметінен босатып, Беларусь маманының орнына отандық жаттықтырушы Ғалым Мәмбеталиевті бас бапкердің міндетін атқарушы етіп тағайындаған болатын. Мәмбеталиев клуб тізгінін ұстаған күннің ертесіне ҚХЛ-дегі алғашқы ресми ойынын Челябінің «Тракторымен» өткізіп, «Барысқа» жеңіс сыйлады. Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен тартысты матчта жерлестеріміз қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсті.

6 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған ойынның есебін айдын иелері ашты. Алғашқы кезең аяқталар тұста «Барыс» клубының 19 жастағы тәрбиеленушісі мергендік танытып, спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді қуантса, үзілістен кейін Аркадий Шестаков сан басымдығын тиімді пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші кезеңнің соңында қонақтар сапынан Чарльз Робинсон дәлдік танытып, есеп айырмасын қысқартқанымен, үшінші кезеңде есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Барыс» қазан айындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Енді елорда командасы келесі ойынын бүгін «Барыс Аренада» Мәскеудің «Динамосымен» өткізеді.