Спорт • 11 Қазан, 2023

Түркияда жеңіске жетті

126 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында мәре­сіне жеткен XIX жазғы Азия ойындарында бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алған велошабандоз Алексей Луценко араға апта салып Түркиядағы турнирде кезең жеңімпазы атанды.

Түркияда жеңіске жетті

1963 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан велоспорттан «Түркия Президенті турына» қатысып жатқан отандасымыз жарыстың үшінші күніне жоспарланған таулы кезеңінде жеңіс тұғырына көтерілді. Биіктігі 18,4 шақырымды (кезеңнің жалпы ұзақтығы 104,1 шақырым) құрайтын Бабадаг тауын бірінші болып еңсеріп, мәреге алғашқылардың бірі болып жетті. Алексей Луценконың соңына ілескен «Bora–Hansgrohe» командасының германиялық велошабандозы Бен Звихофф пен «Астананың» колумбиялық спортшысы Харольд Техада екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Жалпы, «Түркия Президенті туры» Қазақстан спортшылары үшін сәтті турнир саналады. 1995 жылдан бергі жарыстарда отандастарымыз алдына жан салмай жүр. Айталық, 1995 жылғы жарыстың алғашқы үш орны отандастарымызға бұйырған. Андрей Кивилев бас жүлдені жеңіп алса, Вадим Кравченко – күміс, Сергей Лавриненко қола жүлдегер атанған-ды. Арада бес жыл өткенде Лавриненко топ жарса, Кравченко екінші орыннан көрінді. 2001 жылы Лавриненко екінші рет үшінші орынға табан тіресе, 2011 жылы Андрей Зейц күміске қол жеткізді. Бір жылдан кейін Александр Дьяченко жалпы есепте үздік шықты.