Аймақтар • 12 Қазан, 2023

Абай облысында вокалистер байқауы басталды

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Семей қаласында Қазақстанның халық әртісі, әнші, қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Бекен Жылысбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай республикалық Б. Жылысбаев атында вокалистер байқауы басталды, деп жазады Egemen.kz.

Абай облысында вокалистер байқауы басталды

Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен шымылдығын ашқан айтулы мәдени щара екі күнге жалғасады. Еліміздің Алматы, Шымкент, Жезқазған, Көкшетау, Түркістан,  Ақтөбе, Атырау, Семей қалаларынан келген 19 жас таланттың өнерін Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева бастаған қазылар алқасы бағалайтын болады.

В

Байқау басталар алдында арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында сөз алған Нұржамал Пернебекқызы атап өткендей Бекен Жылысбаев қазақ вокал өнерінің патриархы ретінде осынау бекзат өнердің негізін салушы бірегей тұлға ретінде ерекшеленеді.

«Біз үшін алдымен Бекен Жылысбаев – қазақ өнерінде вокал мектебінің қалыптасуына бар ғұмырын арнаған үлкен талант иесі. Сан таланттың қанатын қатайтқан ғажайып ұстаз. Ол ұстаз ғана емес, бәрімізге әкелік қамқорлығын да аямайтын үлкен жүректің иесі еді. Біз бүгін сол ардақты ұстазымыздың туған жері – Семей қаласына, қасиетті Абай еліне келгенімізге ерекше қуаныштымыз. Ұстазымыздың атын ұлықтап, осындай байқау өткізуге мұрындық болған Абай облысының әкімдігіне зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Бекен Жылысбаев біз үшін қазақ вокал өнерінің патриархы ретінде мәңгілік құрметпен аталады. Осы байқауға қатысуға талаптанып, өнер көрсетудің өзі қатысушылар үшін зор бақыт деп ойлаймын», деген Нұржамал Үсенбаева жас таланттарға сәттілік тіледі.

Екі кезеңнен тұратын республикалық байқау қорытындысы ертең, 13 қазан күні кешкісін Абай атындағы театрда жарияланып, Гала-концертпен түйінделетін болады.