Хоккей • 12 Қазан, 2023

«Барыс» еңсе тіктеп келеді

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» қатарынан екінші ойынында же­ңіс­ке жетті. Жерлестеріміз бұл жолы Мәскеудің «Динамосынан» буллиттер сериясында басым түсті.

«Барыс» еңсе тіктеп келеді

Мұның алдында бес ойында жеңіліп, жанкүйерлерін жерге қаратқан «Барыс» хок­кейшілері бас бапкер ауысқан соң, еңсе тіктеп келеді. Өз айдынындағы ойындар сериясында алғаш Челябінің «Тракторын» тізе бүктірсе, күні кеше «Динамодан» басым түсті. «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен бәсекенің негізі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталып, буллиттер сериясында жерлестеріміздің бағы жанды.

6 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған кездесуде «Барыс» сапынан Әділ Бекетаев (4-минут) пен Райли Барбер (10-минут) мергендік танытса, қонақтардан Джордан Уил (7-минут) мен Никита Гусев (35-минут) мергендігімен көзге түсті. Кездесудің негізгі кезеңі тең есеппен аяқталған соң ойын овертаймға ұласты. Бірақ қосымша уақытта да командалар шайба соға алмады. Сөйтіп, жеңімпаз буллиттер сериясында анықталды. Бұл сында елордалық клубтың жолы болды – 3:2. Енді «Барыс» келесі ойынын бүгін Ярославльдің «Локомотив» командасымен, 15 қазанда Магнитогорскінің «Металлург» клубымен өткізеді.