Спорт • 13 Қазан, 2023

Әлемдік доданың ауылы алыс емес

123 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі төртінші ойынында жеңіске жетті. Бұл турда жерлестеріміз өз алаңында Әзербайжан футзалшыларын қабылдап, аса тартысты өткен кездесуде 3:2 есебімен басым түсті. Осыдан бір апта бұрын екі ұжым арасындағы Бакудегі бірінші ойында Рикардо Кака шәкірттері 4:2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Әлемдік доданың ауылы алыс емес

Астанадағы Жақсылық Үш­кемпіров атындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде өткен ойында алаң иелері бірінші таймның 8-минутына дейін 0:2 есебімен жеңіліп жатып, матч соңында тамаша камбэк жасады. Елордадағы кездесу де Бакудегі матчтың сце­нарийімен басталды. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін командалар алғашқы минуттардан аңдысып жатпай, бірден іске кірісті. Матч басында Дуг­лас пен Біржан Оразовта гол соғатын тамаша мүмкіндік бол­ғанымен, екеуі де оңтайлы сәт­ті пайдалана алмады. Есесіне 4-минутта Игита қорғаған қақ­паға алғашқы қауіпті шабуылын ұйымдастырған қонақтар бірінші мүмкіндігінен-ақ ойын­ның есебін ашты. Эдсонды қа­пы қалдырып, айып добының ма­ңайынан сол аяғымен жой­қын соққы жасаған Амадеу Әзер­байжан құрамасын есепте алға шығарды. Арада төрт минут өткенде қонақтар есептегі басымдығын нығайтты – 2:0. Бұл жолы да гол біздің қақпамыз­­ға Эдсонның қателігінен кейін соғылды. Қорғаушымыздың алаң ортасындағы өрескел қа­телігінен соң қарсылас коман­даның футзалшылары бір­ден қарымта шабуылға шығып, Кардозоның тепкен добы қақпа торында тулады.

Қақпамызға енген екінші голдан кейін Кака бапкер бірден тайм-аут алып, футзалшыларға қажетті нұсқаулығын беріп, жігіттерді жігерлендірді. Шағын үзілістен соң ұлттық құраманың ойыны жандана түсті. Соның нәтижесінде 13-минутта Лео алаң ортасынан тоғыздықты дәл көздеп, таблодағы көрсеткішті бір голға қысқартса, 18-минутта Біржан Оразов Леоның пасынан кейін таразы басын теңестірді – 2:2. Сөйтіп, командалар үзіліске тең есеппен шықты.

Әлем чемпионатына шығу үшін іріктеу кезеңіндегі әрбір ойында жеңіске жету аса ма­ңызды екенін жете түсінген жер­лестеріміз екінші таймды да бел­сенді бастап, 22-минутта есепте алға шықты – 3:2. Бұл жолы Дуглас мергендігімен көзге түс­ті. Матч соңына дейін 3:2 есе­бі сақталып, ұлттық құрама фут­залшылары жігерлі жеңіс­ке қол жеткізді. Сөйтіп, іріктеу ке­зе­ңіндегі төрт ойынның бар­лы­ғында қарсыластарынан басым түскен жерлестеріміз 100 пайыздық көрсеткішпен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

Екі ұжым арасындағы ал­ғашқы ойынға қарағанда бұл жолғы матчта Әзербайжан фут­­­­зал­шылары жақсы дайын­дықпен келгені байқалып тұр­­­ды. Матчтың бірінші ми­ну­ты­нан соңғы секундына дейін қонақтар ойындағы әр­бір допқа талас жүргізіп, бел­сенді ойын өрнегін көрсетті. Де­генмен ел құрамасы бұл матч­та халықаралық ойындар­да­ғы тәжірибесі мен Рикардо Каканың­ ұтымды тактикасының арқа­сында жеңіске жете білді.

А тобында бір күн бұрын Амстердамда өткен Нидерланд пен Румыния құрамалары ара­сындағы матчта тараптар ұпай бөлісуге мәжбүр болды – 1:1. Сөйтіп, элиталы ке­зең­нің төртінші турынан ке­йін Қазақстан құрамасы 12 ұпай­мен «А» тобында көш бастап келеді. Екінші орынға 7 ұпайы бар Румыния футзалшылары жайғасса, үшінші орынға төрт ойында бір ғана жеңісі бар Әзербайжан құрамасы тұ­рақтады. Ал Румыниямен өт­кен ойында осы іріктеудегі ал­ғашқы ұпайына қол жеткізген Нидерланд көш соңында қалып қойды.

Енді Қазақстан ұлттық құ­рамасы топтағы келесі ойынын 14 желтоқсан күні елордада Нидерландпен өткізеді. Егер осы ойында жерлестеріміз жеңіске жететін болса, онда ұлттық құ­рама мерзімінен бұрын ке­лесі жылы Өзбекстанның бас ша­һары – Ташкентте жалауы желбірейтін әлем чемпионатына жолдама алады. Ал топтағы соңғы ойынын Рикардо Кака шәкірттері 20 желтоқсанда сырт алаңда Румыниямен өткізеді.