Ауыл • 15 Қазан, 2023

Шағын ауыл шаттығы

153 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Қазалы ауданында 3 дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Соның бірі аудан орталығына жақын Абай ауылында бой көтеріп келеді.

Шағын ауыл шаттығы

Жалпы, бұл ауылда емдеу мекемесі бұрыннан бар. Оны екі жүзге жуық түтін қоныстанған шағын ауыл тұрғындары 2003 жылы асарлатып салған. Содан бері кәдеге жарап келген ғимарат соңғы жылдары тарлық қыла бастапты. Көпбейінді аудандық аурухананың бас дәрігер Бақыткүл Әлішеваның айтуынша, мына типтік ғимаратта массаж, физкабинеттер болады. Ескі емханада күндізгі бөлімге 3 төсек арналса, жаңа нысанда ол екі есеге артып отыр. Одан бөлек жыл аяғына дейін қолданысқа берілетін емханаға жаңа заманауи жабдықтар жеткізіледі. Демек, ауылдағы басы ауырып, балтыры сыздаған ағайын еміне шипа іздеп, бұрынғыдай аудан мен облыс орталығына сабылмайтын болады.

– Дәл осындай нысандар Бозкөл мен Кәукей ауылында да салынып жатыр. Халық санына сай келетін жаңа ғимаратқа жаңа жабдықтар жеткізіледі. Бұған ауыл тұрғындары ғана емес, мамандар да дән риза, – дейді Б.Әлішева.

Былтыр аудандағы 3 елді мекен мен Қазалы қаласы тұрғындары «көгілдір отын» игілігін көретіндер қатарына қосылған. Биыл газдандыру жобасына 343 млн теңге қаралып, осы Абай ауылында 15 шақырымдық газ құбыры тартылып жатыр. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембайдың айтуынша, ауылдағы барлық үй мен әлеуметтік нысан жыл соңына дейін газдандырылады.

– Бүгінге дейін аудандағы 80 мыңнан асатын халықтың 62 пайызына газ жеткізіліп тұр. Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендеріне тартылатын магистралды газ құбыры жобасы демеуші есебінен әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылды. Ақтан батыр ауылына тартылатын орамішілік газ желісінің де жобасы дайын тұр, – дейді бөлім басшысы.

Сарыкөл ауылдық округіне қарасты Абай елді меке­ніндегілер мал да бағады, бақша да егеді. «Қызылорданың сор топырағына ештеңе өспейді» дегендер әуелі осы ауылға келіп көрсін. Бақшадан бөлек, мұнда жеміс ағаштары да жиі өседі. Ауылдың байырғы тұрғыны Әбутәліп Бердіғұлов ауласында жергілікті жемістерден бөлек, анар, құрма көктетіп отыр. Асыл тұқымды ешкі өсіретін ақсақал ауылдағы кез келген үйдің бақшасы жайқалып тұрғанын айтады. Елді мекен айналасынан бақша еккендер мен ауыл тұрғындары осының бәрін насоспен жететін аяқ сумен суарып отыр екен.

– Осыдан болар, тоқсаныншы жылдардағы қиындықта бұл ауылдан үдере көшкендер болған жоқ. Бірақ аудан орталығына жақын болғандықтан, жастарымыз жайлы тұрмыс іздеп сонда кететін. Дәрігерлік амбулатория мен саябақ салынып, газ тартылып жатыр. Ауылда асфальт түспеген екі-ақ көше қалды. Көп ұзамай электр желілері де жа­ңар­тыл­мақшы. Енді жастар да елден жырақ­та­майды деп ойлаймын, – дейді ақсақал.

Ауыл сыртында бақша егетіндер өнімдерін жинауға кірісіпті. Осы ауылда туып-өскен Нұрлан Қоянбаев бес адам бірігіп, 4 гектар жерге қауын, қарбыз, асқабақ және картоп еккенін айтады. Жаздың аптабында бақша аралап, атшаптырым алқаптың бабын жасау да оңай емес, бірақ бейнеттің соңы – береке. Айналасындағы ауылдар мен сырттан келетіндер бұлардың еш дәрісіз өсірген өнімдерін бақша басынан алып кетіп жатыр. Жыл сайын күзде өтетін жәрмеңкелерде бұлардың өнімін іздеп тұратындар көп.

Сапар барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аймақта атқарылып жатқан жұмыстар барысын саралап өтті. Қазалыда «Ауыл аманаты» аясында тың жобалар бар. Кәсіпкерлердің өндіріс бағытындағы бастамаларын қолдауға баса көңіл бөлініп отыр екен. Қазір ауданда тіркелген 6 762 кәсіпкерлік нысанның 6 512-сі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұрын күріш пен кәмпиті бренд болған ауданда соңғы уақытта сабын шыға бастады. Одан бөлек, тың кәсіп бастаған ілкімді азаматтарға қолдау көрсетіліп жатыр. Ауданда құрылыс, жол, газдандыру бағытында да атқарылған іс аз емес. Аудандағы 40 елді мекеннің төртеуі орталықтандырған ауыз су жүйесінен сырт қалып отыр екен. Шалғайдағы осы ауылдарға автономды су сервисін қою жобасы әзірленіп, келесі жылы мәселені шешудің қамы жасалып жатыр.

– Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жол­дауында Су ресурстары және ирригация министрлігін құрудың маңыздылығы айтылып, артынша жүзеге асқаны дария етегін мекен еткен қазалылықтардың үмітін оятып отыр. Биыл аудан диқандары жалпы 17 мың гектарға егін екті, оның 6 450 гектары – күріш. Бұдан көптеу егуге кейінгі жылдары қайталанып отырған су тапшылығы мүмкіндік бермеді. Бұрынғыдай ағыл-тегіл су азайғасын шаруалар қазір егінді әртараптандыруға ден қойып отыр. Аудандағы ірі агро құрылым – «РЗА» АҚ жалпы аумағы 83 гектарға жаңбырлата суару тәсілімен азықтық жүгері егеді. Мұратбаев пен Бозкөл ауылдарында грант ұтқан диқандар тамшылатып суару әдісімен қауын-қарбыз егіп отыр. Бұл тәжірибелер әлі де жалғаса береді, – деді аудан әкімі.

Ауданда жыл басынан бері 4,5 мың тонна өнім экспортқа жол тартыпты. Оның дені күріш. Сонымен қатар сырт елдерден Қазалының балығы мен бауланған қамысына да сұраныс артып келеді.

 

Қызылорда