Спорт • 16 Қазан, 2023

Ержан Саденов «Динамо» ұйымының төрағасы болып сайланды

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ІІМ-де «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігі төралқасының отырысы өтіп, жиында спорттық қоғамдастық мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен Ішкі істер министрі Ержан Саденов «Динамо» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ержан Саденов «Динамо» ұйымының төрағасы болып сайланды

Фото: gov.kz

«ІІМ және «Динамо» спартакиадаларының танымалдығы жыл сайын артып келеді. Бұған спорт түрлері бойынша сайысқа қатысушылар санының артуы дәлел. Биыл халықаралық жарыстарда «Динамо» тәрбиеленушілері 100-ден астам медаль жеңіп алды. Мәселен, жазғы Азия ойындарында отандастарымыз жеңіп алған 80 жүлденің 43-і «Динамо» спортшыларына тиесілі. 10 алтын жүлде біздің спортшыларымыздың қоржынында», деді «Динамо» спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов.

Төралқа мүшелері жұмысты қорытындылап қана қоймай, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады. Ержан Саденов өңірлердегі полиция департаменттерінің бастықтарына «Динамо» филиалдарымен бірлесіп, бұқаралық спортты дамытуға белсенді қатысуды тапсырды.

«Ұйым мақсаты спортта жетістікке жету ғана емес, сонымен қатар балалар қылмысының алдын алу болып табылады. Спорт – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудағы негізгі құралдардың бірі. Балалар мен жасөспірімдерге арналған секцияларды көбейту қажет. Өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын оятып, қамқорлығымызға алу арқылы балалардың тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береміз», деп атап өтті министр.

«Динамо» ұйымында 102 еңбек сіңірген спорт шебері, 253 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 574 ҚР спорт шебері дайындалған. Еліміздегі ұлттық құрама мүшелерінің 80%-ын осы спорт қоғамының өкілдері құрайды.