Табиғат • 17 Қазан, 2023

«Алтын Емел» қорығында

253 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алатау алабы мен Жетісу жерін құландар ежелден мекен еткен деседі. Бұл аймақтардағы бірді-екілі орындардың құлан атауымен астасып жатуы тегін емес. Алайда өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін құлансыз қалған құла дала жүздеген жылдар бойы құлазып жатты.

«Алтын Емел» қорығында

Суреттерді түсірген – Юрий Беккер

Құт даладан құландар неге безді деген сауалдың жауабын дөп басып айту қиын. Табиғат зерттеушілері адамнан аяушылық таппаған түз тарпаңдары өзге мекендерге кетуге мәжбүр болған деген болжам айтады. Дегенмен бұл пікір әлі де болса ғылыми тұрғыдан дәйектеуді қажет ететіндей. Араға жылдар салып құландардың оралуы таулы өлкенің тамырына қайта қан жүгіртті.

Алматыдан жолға шыққан бір топ тілші Кербұлақ ауданындағы Басши ­ауы­лына бет алдық. Мұнда бізді еліміз­де алғаш рет өтіп отырған «Алтын Емел – құландар мекені» деп аталған айрықша фестиваль ұйымдастырушылары қар­сы алды. Іс-шараның ресми бөлімінен кейін жол талғамайтын көліктерге мініп құландар жайылып жатқан алқапты ара­лауға аттандық. Жанына жан баласын жуыт­пайтын жүйрік жануардың бірнеше үйірі көліктің бұрқыраған шаңын көрген бойда үдере қашты. Біз оларға барын­ша жақындай түсіп, таспаға түсіріп алмақ­пыз. Әріптесіміз, қырағы фотограф Юрий Беккер желмен жарысқан құландардың әр қимылын қалт жібермеу үшін объективтен көз алмайды.

апр

«Жетісу жауһарына баланатын «Алтын Емел» ұлттық паркінде бүгінде 3 586 бас құлан бар», деген ұлттық парк дирек­то­ры Қуат Байтұрбаев. Олардың бұл өлкеге қайта оралу тарихын баяндап келеді.

«Құландарды реинтродукциялау ­жұ­­­мыстары 1953 жылдардан басталды. Түр­ік­менстанның Бадхыз қорығынан 8 бас құлан Барсакелмес қорығына әке­лініп, көбейту жұмыстары жүргізіл­ді. 1982 жылы «Алтын Емел» ұлттық паркіне (бұрынғы «Қапшағай мемлекеттік қорығы аңшылық шаруашылығы) Барсакелмес қорығынан 27 бас құлан әкелінді. Қазіргі таңда «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде реинтродукция жұмысы нәтижесін беріп, айрықша қорғалатын құландар саны 4 мыңға таяды. Ал ел ішінде жануарлар санын көбейтіп, тарихи таралу аймағын қалпына келтіру мақсатында 2005-2022 жылдар аралығында жалпы «Алтын Емел» ұлттық паркінен 304 бас құлан еліміздің басқа өңірлеріне жіберілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде құландар тарихи мекеніне қайта оралды», дейді ол.

Құландардың тез жерсінуі Жетісу жері олардың ежелгі мекені болғанын тағы бір айғақтайды. Қорық сақшыларының бас­ты міндеті – 3 700 га аумақты құрай­тын парк территориясынан олардың шы­ғып кетпеуін бақылау. Олай болмағанда жануарлар басқа аймаққа жер ауда­руы ық­ти­мал. Мұндағы жүздеген маман қа­ры қалың қыс айларында құландарға шөп салып ерекше күтімге алуына тура ке­леді. Табиғатынан тарпаң болғанмен құ­ландардың сезімталдық қабілеті қатты да­мыған. Алайда адамдар асау мінезіне қарап, құландар қолға үйретілмейді деп пайымдаған.

«Басши» орман шаруашылығы­ның телім бастығы Мұрат Сыдығалиев құ­лан­­дарды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісінің ауқымы кеңейе берсе дейді. Осы уақыт аралығында жануарлардың көбею динамикасы оң қарқын алғанымен, ке­йін­гі жылдардың бедерінде туу көрсеткіші төмендеген. Оның бір себебі – аталық бас құландар санының шамадан тыс артып, тиісінше ұрғашы құландардың азаюы.

Айрықша мән беруге тиіс тағы бір мәселе – құландар ұлттық парк аумағына сыйымдылық деңгейінен асып отыр. Ма­ман­дар жайылым мен жер ыңғайы 2 мың құланның еркін мекендеуіне шақталға­нын айтады. Себебі парк аумағында құлан­нан басқа да «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін жануарлар аз емес. Олардың кедергісіз өмір сүруін қамтамасыз ету әрі басқа өлкелерге де құландарды жерсіндіру үшін кешенді жұмыстар қолға алынған. «Алтын Емел» ұлттық паркінің ардагері Халық Оңғарұлының айтуынша, біздегі құландар Орталық Азиядағы құландар санының 30-35 пайызын құрайды. Бұл өлкені мекендеген жергілікті тұрғындар да қорық сақшыларына сирек кездесетін аңдарды қорғауға қолғабыс етеді.

Дүниежүзілік қорықшылар қауымдас­тығына енген жалғыз ұлттық парк ретінде «Алтын Емел» жануарлар әлемінің жайлы мекені дерсіз. Парк аймағынан «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрықтарды 250 метр қашықтықтан көруге болады. Қыстаған кезде дарақ саны 5-5,5 мың басқа дейін жетеді. Бұл – қарақұйрықтарды осынша мөлшерде кездестіруге болатын еліміздегі бірден-бір мекен. Қарақұйрықтар жаз айларында Алматы облысының аумағына көшіп-қонып жүретін көрінеді. 2020 жылғы қыркүйек айында ұлттық парк­те орнатылған фототұзақтар арқылы мұн­да ілбіс (қар барысы) мекендейтінін дәлел­дейтін алғашқы айғақтар алынды. Бұл табиғат зерттеушілерін таңдай қақтыр­ған жаңалық еді. Себебі оған дейін ілбістер ­тек 4 мың метр биіктіктен төмен түспейді деп есептеліп келген. Ал мұндағы жергі­лік­­ті таулардың биіктігі 1 000 – 2 000 метрді құрайды.

Сөз басында бұл өлке құландардың та­рихи отаны екенін айғақтайтын аңыз­дар мен тарихи деректердің кездесетінін айт­­тық. Бұл туралы «Алтын Емел» ұлт­тық паркінің ғылыми ақпарат және монито­ринг бөлімінің жетекшісі Марғұлан Мұсабек былай дейді: «Тақтұяқтылар санатына жататын жабайы жылқылар XIX ғасырға дейін қазақ даласының шөл-шөлейтті және кейбір далалық аймақтарында, батыста Каспий теңізінен шығысқа Іле ойпатына дейін кең таралған. Оған дәлел ретінде «Ақсақ құлан» күйінің шығуын айтуымызға болады. Аңыздағы Жошы хан бейнесі де болжамды дәйектей түседі. Сонымен қатар таңбалы тасқа салынған құлан бейнелері мен ежелгі жер-су аттары да көп дүниеден хабар береді. Кейінгі деректерді сараласақ, 1930 жылдар­дан бері құлан кездескені жөнінде мәлімет­тер жоқтың қасы. 1916-1921 жылдардағы ұжымдастыру кезеңінде байлардың мал мүлкі тәркіленіп, жұртшылық бүркіт пен тазы жүгіртіп аң аулаған. Сондай-ақ 1930-1933 жылдардағы ашаршы­лық жануардың жойылуына үлкен әсерін тигізді. Соңғы рет 1934 жылы Балқаш Топар өзенінің жағасынан 8-9 бас құлан төбе көрсеткен».

Құландарды ел аумағындағы басқа қорық­тарға жерсіндіру жұмыстары бас­тал­ғалы бері Маңғыстау облысындағы «Ақтау – Бозашы» қорықшасына – 32, «Аңдасай» мемлекеттік табиғи резерватына – 133, «Алтын дала» қорығының реинтродукциялау орталығына – 9, «Іле-Балқаш» табиғи резерватына 60 бас құлан жіберілген.

Қазақ ұлттық аграрлық универси­теті Жер-су және орман ресурстары факульте­тінің деканы Талғат Сейітұлы қанша­ма сирек кездесетін жан-жануарлардың ұясы болған «Алтын Емел» отандық ту­ризм­нің тынысын кеңейтуге жол ашатын бірден-бір орын деп есептейді. Таби­ғатты қор­ғау, ғылым, экологиялық туризм, эко­логиялық ағарту бағыттары бо­йын­ша ұлт­тық парктерді дамыту жобасы қолға алын­ған. Қызмет көрсету сапасын жақ­сар­ту, мамандардың біліктілігін арттыру, зерт­теу жұмыстарында жаңа техноло­гия мүмкіндіктерін пайдалану негізгі мақсат­тардың қатарында. Айталық, пандемияға дейін жылына 30-35 мың турист «Алтын Емелге» арнайы ат басын тіреген.

Құландар шеруін тамашалағаннан ке­йін «Алтын Емел» ұлттық паркі аума­ғындағы визит орталыққа аялдадық. Зама­науи үлгіде бой көтерген нысанда турис­тер үшін барлық жағдай жасалған. Эко­ло­гиялық іс-шараларға белсенді қаты­сатын жергілікті мектептерден келген кіш­кентай табиғат жанашырларын да осы маңнан кездестірдік. Фестивальға арнайы шақырылған Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі «Ақсақ құлан» мен «Сарыарқаны» орындап, тынық даланы күймен тербеді. Ал біз құландар мекенінен ұзай бердік...

 

АЛМАТЫ